Талғарда зорлау туралы арызды елемеген төрт полицей сотқа тартылды: Біреуі іздеуде жүр
Талғар ауданындағы зорлау, адам өлтіру және екі жасар баланы ұрлау ісі бойынша полиция қызметкерлерінің жауапкершілігі қаралды. Жәбірленушінің арызына дер кезінде әрекет етпеді деген күдікпен төрт тәртіп сақшысы қылмыстық іске тартылып, олардың екеуіне сот үкімі шықты, біреуі іздеуде жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қанды оқиға былтыр күзде Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Қызылқайрат ауылында болған. Жергілікті автокөлік жөндеу станциясының қызметкері танысының ағасын атып өлтіріп, оның екі жасар қызын алып кеткен. Кейін арнайы жасақ баланы құтқарып, анасына қайтарды, ал күдікті ұсталды.
Алайда тергеу барысында оқиғаға дейін бір ай бұрын қыздың анасы полицияға зорлау фактісі бойынша арызданғаны анықталды. Бірақ тәртіп сақшылары күдіктіні оқшаулау үшін ешқандай шара қолданбаған.
Тергеу мәліметінше, күдікті мен жәбірленуші бұған дейін жақын қарым-қатынаста болған. Екеуінің арасындағы жанжал негізінен екі жасар қызға қатысты туындаған. Әйел зорлық көргеннен кейін оның ағасы мен туыстары күдіктіні тауып, Талғар аудандық полиция басқармасына жеткізген. Соған қарамастан, полиция қызметкерлері арызды тиісті деңгейде тіркемей, қылмыстық іс қозғамастан оны босатып жіберген.
Бала ұрлау мен адам өлтіру оқиғасы қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының үлкен наразылығын туғызғаннан кейін іске Алматы облысының полиция департаменті араласты. Тергеу барысын бас прокурор мен ішкі істер министрі жеке бақылауға алды. Кейін Талғардағы құқық қорғау органдарының бірқатар басшылары ауыстырылды.
Биыл наурызда Алматы облысының соты резонанс тудырған іс бойынша үкім шығарды. Негізгі айыпталушы зорлау, адам өлтіру және бала ұрлау қылмыстары үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Прокурор оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Оның кәмелетке толмаған екі сыбайласы тоғыз жылдан бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот жәбірленушінің пайдасына ондаған миллион теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.
Осы трагедиядан кейін Талғар аудандық полиция басқармасының бірден төрт қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Әуелі, жергілікті учаскелік инспектор қызметтік салақтық және қызметтік жалғандық жасады деген айыппен сотталды. Тергеу нұсқасы бойынша, оның әрекетсіздігі кейін зорлау, адам өлтіру және бала ұрлау қылмыстарының орын алуына әкелген. Сот оны екі жарым жылға бас бостандығынан айырып, полиция лейтенанты атағынан айырды. Сондай-ақ оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, жәбірленушінің пайдасына шамамен 3 миллион теңге өндірілді.
Сотта 2025 жылдың 3 қыркүйегінде, яғни қайғылы оқиғадан үш күн бұрын учаскелік инспектордың жәбірленушінің үйіне шақыртумен барғаны белгілі болды. Сол күні әйелді бұрын зорлады деген күдікке ілінген ер адам оның үйіне мылтықпен келген. Алайда полиция қызметкері оған қатысты тиісті шара қолданудың орнына тек қорғау нұсқамасын рәсімдеген. Тергеу барысында жәбірленушінің құжаттағы қолы қолдан жасалғаны да анықталған.
Кейін екі тергеуші Мұсабай мен Хамитов сот алдына келді. Оларға билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану және ауыр зардаптарға әкелген қызметтік әрекетсіздік бойынша айып тағылды.
Жуырда Талғар аудандық соты 28 жастағы Мұсабайға үкім шығарды. Бұрынғы полиция капитаны бес жылға бас бостандығынан айырылып, жәбірленушінің пайдасына 4,5 миллион теңге төлеуге міндеттелді.
Ал Хамитов сотқа келмеген. Алматы облысының прокуратурасы таратқан мәліметке сәйкес, ол 2026 жылдың 27 шілдесінде ізін суытып, қашып кеткен. Кейбір деректер бойынша ол Алматы әуежайы арқылы Түркияның Анталья қаласына ұшып кеткен, содан кейін оның қайда екені белгісіз. Қазір оған қатысты іздестіру ісі жүргізіліп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Төртінші полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық құқық бұзушылықты қасақана жасыру фактісі бойынша іс тергелген. Алайда жарияланған материал бойынша, сот базасынан оған қатысты шығарылған үкім туралы ақпарат табылмаған.
Істі мән-жайы
2025 жылғы 6 қыркүйекте ер адам достарымен бірге әйелдің үйіне келіп, оның 27 жастағы ағасын атып өлтіріп, қызын алып кеткен. Ер адам оқиға орнында көз жұмды. Оның артында үш баласы мен жүкті жары қалды. Қыз бала кепілде ұсталған. Қуғын кезінде күдікті көлікпен бірге жардан құлаған. Бала жарақат алып, кейін ота жасалды. Бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы зорлау күдігімен ұсталып, кейін босатылған, ал артынан кісі өлтіру мен адам ұрлауға барған азаматты босатқан Талғар аудандық полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғаған.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Жандос Палмановтың айтуынша, сотқа төрт полиция қызметкерінің ісі жеткен. Онда екі учаскелік инспектор (салғырттық және қызметтік жалғандық бойынша), ал екі тергеуші (лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және әрекетсіздік бойынша) айыпталып жатыр.
Іс бойынша кімдер күдікке ілінді?
Аталған іс бойынша үш адам күдікті ретінде өтіп жатыр. Негізгі фигурант азамат Е бірден 12 бап бойынша айыпталып отыр:
- 99-бап 2-бөлік 7-тармақ – адамдар тобы болып жасалған кісі өлтіру
- 125-бап 3-бөлік 2-1-тармақ – кәмелетке толмағанды тарта отырып адам ұрлау
- 120-бап 1-бөлік – зорлау
- 121-бап 1-бөлік – күш қолдану арқылы сексуалдық сипаттағы әрекеттер
- 190-бап 3-бөлік 4-тармақ – адамдар тобы болып жасалған алаяқтық
- 147-бап 5-бөлік – жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу (оның ішінде интернет-платформаларда дербес деректерді заңсыз тарату)
- 149-бап 2-бөлік – тұрғын үйге заңсыз кіру
- 115-бап – кісі өлтіремін деп қорқыту
- 287-бап 3-бөлік – қаруды заңсыз жасау
- 288-бап 1-бөлік – қаруды заңсыз сақтау
- 200-бап 1-бөлік – автокөлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену
- 132-бап 4-бөлік – кәмелетке толмағанды қылмысқа тарту.
Астанада 68 жастағы қарияны металл іздегіштен өтерде шалбарын шешкені үшін жазаға тартты
