"Ана-анасын да танымай қалған": Қазақстандық бортсерік қыз Кувейтте белгісіз дертке шалдықты (видео)
Непалдан Кувейтке ұшқан ұшақ экипажының мүшелері белгісіз дертке шалдыққан. Науқастардың арасында бортсерік болып жұмыс істеген 25 жастағы қазақстандық қыз да бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиғаның мән-жайын әлеуметтік желіде Қайрат Бермұқанов есімді желі қолданушысы мәлімдеді. Оның айтуынша, рейстен кейін ұшақ экипажының барлық мүшесі өзін жайсыз сезініп, дене қызуы көтерілген әрі басы ауырған. Дәрігерлер әзірге аурудың нақты себебін анықтай алмай отыр.
Қайрат Бермұқановтың сөзінше, қазақстандық бортсеріктің жағдайы бастапқыда біршама тұрақталған. Ол екі күн жансақтау бөлімінде емделіп, кейін ауруханадан шыққан. Алайда арада бірнеше күн өткенде денсаулығы қайтадан күрт нашарлаған. Қыз айналасында не болып жатқанын түсінбей, тіпті өзінің кім екенін және жақын туыстарын да тани алмай қалған.
Қайта медициналық көмек қажет болған кезде Қазақстанның Кувейттегі дипломатиялық өкілдігі көмекке келген. Елшілік қызметкерлері қызды тауып, оны клиникаға қайта жатқызуға ықпал еткен.
Алдын ала медициналық болжам бойынша, науқастың миының маңдай бөлігі зақымданған болуы мүмкін. Дәрігерлер жапон энцефалиті болуы ықтималдығын да тексеріп жатыр. Бірақ әзірге бұл диагноздардың ешқайсысы түпкілікті расталмаған.

Жағдайға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді. Министрліктің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің мәліметінше, қазақстандық дипломаттар науқастың туыстарымен және оны емдеп жатқан дәрігерлермен тұрақты байланыста.
"Оған қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр. Жағдай Сыртқы істер министрлігінің бақылауында", – деді Жанболат Үсенов.
Қазір қазақстандық бортсерік дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр. Оқиғаға қатысты нақты диагноз әзірге жарияланған жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық қыз қызылша салдарынан ауыр дертке шалдыққаны туралы жазған едік.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма