Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы: Тоқаев ҚТЖ жұмысын қатаң сынға алып, бірқатар тапсырма берді

Қауіпсіздік кеңесі
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-транзит саласын дамыту мәселесіне арналған шұғыл отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жиында халықаралық көлік дәліздерін дамыту перспективасы және еліміздің транзит әлеуетін нығайту шаралары қаралды. Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова, Қаржы министрі Мәди Такиев және Үкіметтің өзге де мүшелері саланың қазіргі ахуалы, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы даму бағыттары туралы баяндама жасады.

Жиын барысында мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің транзит әлеуетін нығайтудың негізгі бағыттары айқындалғанына назар аударып, Қазақстан халықаралық көлік құрылымында проактивті позиция ұстануы керек екенін айтты.

“Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасуы бірқатар артықшылық береді. Алайда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі тасымалдың жылдамдығына және сенімділігіне, оның шарттары мен мерзімдерінің алдын ала айқын болуына, сондай-ақ тарифтердің тиімділігіне байланысты”, – делінген хабарламада. 

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласындағы ахуалды сынға алып, инфрақұрылымды жаңа жағдайға дер кезінде бейімдеу стратегиялық дамудың шешуші факторы екенін жеткізді.

Атап айтқанда, президент “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ қызметін қатаң сынап, кірісті арттыру, қызметті оңтайландыру, соның ішінде цифрландыру құралдары арқылы компанияның жұмыс тиімділігін көтеру міндетін қойды.

“Президент логистика орталықтарын кеңейту, шекаралық және кедендік рәсімдерді жетілдіру, саладағы барлық үдерісті кешенді цифрландыру, сондай-ақ жүктердің іркіліссіз өтуін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдағы кедергілерді жою мәселелеріне айрықша тоқталды”, – делінген хабарламада. 

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға көлік-транзит саласын одан әрі дамыту және Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Тапсырмалардың орындалуын бақылау Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына жүктелді.

Еске салсақ, 12 қарашада ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отаншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын растады. ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. 

Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдіріп, жағдайды "ауқымды жемқорлықтың белгісі" деп атады.

Дана Русланқызы
Жұма, 13 Қараша, 2026 20:00