Туған күн мен тойға аударылған ақшаға салық салына ма? Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндірді
Мемлекеттік кірістер комитеті ақша аударымдарына қатысты түсініктеме беріп, туған күнге, үйлену тойына немесе мерекеге орай жақындарынан ақша алған азаматтар салық төлеуге міндетті ме деген сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 405-бабына сәйкес, жеке сипаттағы сыйға тарту түрінде алынған қаражат салық салынатын кіріс болып есептелмейді.
“Мұндай аударымдар сыйға тарту болып есептеледі және жеке сипатқа ие. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 405-бабына сәйкес (2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы редакция), олар салық салынатын кіріске жатпайды", – делінген комитет жауабында.
Қазақстанда 10 қарашадан бастап мобильді аударымдарды бақылау шегі 1,02 миллион теңгеден 1,557 миллион теңгеге дейін өсті. Алайда бұл өзгеріс жеке картаға тауар мен қызмет ақысын қабылдауға рұқсат бермейді.
Қаржы сарапшысы Саида Тілеуленованың түсіндіруінше, туыстардан келген ақша, қайтарылған қарыз және ортақ сыйлыққа жиналған қаражат кәсіпкерлік табыс болып саналмайды. Ал тауар мен қызмет үшін алынған төлем сомасына қарамастан кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылады. Сондай-ақ үш ай бойы әр айда 100-ден астам адамнан ақша түсіп, жалпы сома 1,557 миллион теңгеден асқан жағдайда ғана банк мәліметті салық органдарына жолдайды. Бұл ретте шот автоматты түрде бұғатталмайды және бірден айыппұл салынбайды.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылы банк аударымдарын тексеру нәтижесінде 115 мың қазақстандыққа салық органдарынан хабарлама келгені туралы жазған едік. Мобильді аударымдарға байланысты тексеріске іліккен қазақстандықтар декларация тапсыруы қажет.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма
