Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Орманда алты күн тамақсыз жүрген жасөспірім аман-есен табылды

Фото: Victoria Police via AP

Аустралияда орманда адасып, алты күн бойы хабарсыз кеткен 17 жастағы Уильям есімді жасөспірім құтқарылды. Ол осы уақыт ішінде тамақсыз, телефонсыз жүрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AP News-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Жасөспірімді Мельбурн маңындағы орманды алқаптан полиция тікұшағы байқаған. Ол бұлақ жанындағы жалпақ тастың үстінде сүлгілерді жамылып ұйықтап жатқан. Үстінде тек шорты мен аяқкиімі болған. Күнге күйіп, бірнеше күн жөнді тамақтанбаса да, дәрігерлер оның жағдайын бірқалыпты деп бағалады.

Уильям досымен бірге демалысты шатырда өткізу үшін Валгалла қалашығының маңына барған. Оларды сол жерге анасы жеткізіп салған. Бір кезде жасөспірім қалған құрал-жабдықтарды алып келуге кетіп, қайтып оралмаған. Телефоны, тамағы мен суы шатырда қалған.

Уильямға аутизм диагнозы қойылған. Ол бейтаныс жерде жол табуға қиналған. Жасөспірімді іздеу жұмыстары сол күні басталып, оған жүзден астам полицей, құтқарушы және ерікті қатысқан.

Кейінірек Уильям бірнеше күн бойы орманның тік беткейлерін кезіп жүргені белгілі болды. Ал кейінгі екі тәулікті шатыр тіккен жерден шамамен екі шақырым қашықтағы бұлақтың жанында өткізген.

Тікұшақтың даусынан оянған жасөспірім құтқарушыларға бас бармағын көтеріп белгі берген. Оны арнайы көтергіш құрылғымен тікұшаққа алып шыққан.

"Оның тірі табылғанына шексіз қуаныштымын", – деді жасөспірімнің анасы журналистерге.

Артынша ол ұлына енді өмір бойы үйден шығуға тыйым салатынын айтып әзілдеді.

 

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 13 Қараша, 2026 11:08