Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде кафе жарылып, екі адам зардап шекті

ақтөбедегі жарылыс
Фото: Видеодан кадр: instagram.com/aktobe_typical/ ЖИ көмегімен сапасы өңделген

13 қарашада Ақтөбе қаласында тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан кафеде газ-ауа қоспасы жарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға сағат 10:28-де Тәуелсіздік даңғылы, 14/1 мекенжайында болған. Жарылыс бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы кафеде тіркелген.

Жарылыс салдарынан кафенің жапсарлас салынған құрылымы опырылып, кейін өрт шыққан. Сонымен қатар тұрғын үйдің терезелері зақымданған.

Оқиға орнына Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел жеткен. Өрт сағат 10:53-те толық сөндірілді.

Оқиға салдарынан екі адам зардап шегіп, жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға жеткізілді. Қаза тапқандар жоқ.

Төтенше жағдайды жою жұмыстарына ТЖД-ның 45 қызметкері мен 10 техникасы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиға орнында департамент бастығы жұмыс істеп жатыр.

Жарылыстың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салайық, 2023 жылғы 11 желтоқсанда Қостанайдағы көлік жөндеу шеберханасында газ баллоны жарылып, салдарынан үш адам қаза тауып, тағы бір адам ауыр жарақат алған еді. Жарылыс жақын маңдағы ғимараттар мен тұрғындардың мүлкіне де зиян келтіріп, 26 адамға 240 миллион теңгеден астам шығын келген. Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.

Айым Атамбаева
Жұма, 13 Қараша, 2026 12:48