Mercedes-Benz Германиядағы зауытын жұмыскерлерімен дауға байланысты жабуы мүмкін
Аты аңызға айналған Mercedes-Benz көлігін шығаратын компания өндіріс кеңесімен шығысты қысқарту туралы дауға байланысты жабылу алдында тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Кадрлар жөніндегі директор Бритта Зегердің мәлімдеуінше, компания кеңеспен келіссөздер барысында қызметкерлер тарапынан жасалған жеңілдіктер туралы шешімге мұқтаж.
“Қазіргі уақытта мұндай шешімді қарастырып жатқан жоқпыз. Сондықтан біз енді Германияда тағы қандай кәсіпорындардың бар екенін нақты және егжей-тегжейлі зерделеуге мәжбүрміз. Біз қайткеніменде зауытты жаппай, аман алып қалуымыз керек”, – деді ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
Германияда Mercedes-Benz компаниясы жалпы 12 өндірісті басқарады. Жеңіл автокөліктер сегментіндегі пайданың төмендеуіне байланысты компания басшылығы қызметкерлерден жалақыны өсірмей-ақ, жұмыс уақытын ұзартуды талап етіп отыр. Атап айтқанда, апталық жұмыс уақытын 35 сағаттан 40 сағатқа дейін арттыру мәселесі талқыланып жатыр. Өндірістік кеңес пен IG Metall кәсіподағы үшін бұл жағдайға жол беруге болмайды. Себебі аптасына 35 сағат жұмыс істеу – компанияның басты жетістіктерінің бірі. Зегердің айтуынша, қысқартылған жұмыс аптасы келісілген кездегі жағдай қазір мүлде өзгерген.

Оның пікірінше, жұмыс уақытын ұзарту қызметкерлердің жалақысын өзгертпей-ақ, жұмыстың өнімді болуына септігін тигізеді. Бұдан бөлек, компания басшылығы арнайы төлемдерді, ерікті сыйақыларды, соның ішінде пайданы бөлу жүйесі бойынша берілетін төлемдерді, сондай-ақ ұжымдық шартта қарастырылған еңбек демалысына арналған және Рождество мерекесіне орай төленетін сыйақыларды қысқартуды көздеп отыр.
Зегердің мәлімдеуінше, концерн басшылығы да қаржылық жеңілдіктерге бармақ. Оның айтуынша, басшылар жалақыны қайта қараудың соңғы екі кезеңінің қорытындысы бойынша жалақы өсімін алмаған.
Еске сала кетейік, Jaguar Land Rover алдағы екі жылда 4 мың жұмыс орнын қысқартуды жоспарлап отыр. Британдық автоконцерннің сатылымы негізгі нарықтарда төмендеп, компания Қытай өндірушілерінің күшейген бәсекесіне тап болды. Бұған қоса, JLR өткен жылғы кибершабуылдың салдарын, АҚШ-тың импорттық тарифтері мен Ұлыбританиядағы қымбат энергия бағасының қысымын сезініп отыр.
"Анам бүгін келе ме?": Жақынынан айырылған балаға қаралы хабарды қалай жеткізу керек