Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі ант беру рәсімінде өзін жайсыз сезінген сарбаз түсірілген видеоға түсініктеме берді

ант беру сарбаз
Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери ант қабылдау кезінде жағдайы нашарлаған сарбаз түсірілген видео әлеуметтік желілерде қайта таралып жатыр. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға 2024 жылы Аягөз гарнизонында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеода салтанатты рәсім кезінде сарбаздың басы айналып, өзін жайсыз сезінгені байқалады. Бұған дейін ведомство өкілдері сарбаз қатты қобалжығандықтан жағдайы нашарлап кетті деп түсіндірген еді.

"Сарбаздың денсаулығына қауіп төнген жоқ. Оған медициналық көмек уақытылы әрі толық көлемде көрсетілді", – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Jaq.Ortcom Дезинформацияға қарсы орталығының мәліметінше, әскери қызметші кейін мерзімді әскери қызметін аяқтап, запасқа шығарылған.

Ведомство бұл видео қазіргі жағдайды көрсетпейтінін атап өтті. Ал орталықтың ескертуінше, архивтегі кадрларды түсірілген күні мен мән-жайын көрсетпей жариялау аудиторияны жаңылыстыруы мүмкін.

Бұған дейін Тоқаев қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Айтқұрман Омарбеков пен қорғаныс министрінің орынбасары Татьяна Савельеваны қабылдаған еді. Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы Қарулы күштердің сақадай сай болуына және әскери әзірлік сапасына қатысты, сонымен қатар әскердің ең басты қажеттіліктерін қаржылық тұрғыдан өтеу және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Айым Болатқызы
Жұма, 13 Қараша, 2026 08:55