Microsoft сервистерінде ауқымды ақау болды
Microsoft компаниясының Microsoft 365, Outlook, Teams және басқа да қосымшалары бес сағаттан астам уақыт жұмыс істемей қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі dw.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Астана уақытымен 13 қараша күні таңғы сағат 04:00-дегі мәлімет бойынша, компания серверлердің жұмысын қалпына келтіруді жалғастырған. Корпорация кейбір серверлердің қайта іске қосылғанын хабарлады. Пайдаланушылар сервистерге біртіндеп қайта қосылып жатыр.
Downdetector деректеріне сәйкес, Outlook жұмысына қатысты шағымдар саны АҚШ-тың шығыс уақытымен сағат 13:00 шамасында шегіне жеткен. Бұл Астана уақытымен 12 қараша күні сағат 23:00-ге сәйкес келеді. Сол кезде 138 058 пайдаланушы ақау туралы хабарлаған. Кешке қарай шағымдар саны шамамен 34 490-ға дейін азайған.
Бұған дейін Microsoft бірнеше сервердің күтпеген жерден жүктемені көтере алмай қалғанын түсіндірді. Компания ақауға интернет-трафиктің артуы себеп болмағанын атап өтті.
"Microsoft 365 сервистерін, әсіресе Exchange Online қызметін пайдаланушылардың қиындықтарға тап болғанынан хабардармыз. Қазір ақаудың себептерін анықтап жатырмыз", – деді компания өкілі.
Астана уақытымен 13 қараша күні сағат 03:47-де Microsoft 365 жұмысына қатысты шағымдар саны 13 мыңға жуықтаған. Ал Teams қызметіне қосылуда қиындық көрген 763 пайдаланушы шағым түсірген.
Microsoft өкілдерінің мәліметінше, қайта іске қосылған серверлер тұрақты жұмыс істеп тұр. Компания жүктемені азайту үшін пайдаланушыларды басқа серверлерге бағыттаған. Қалған серверлер іске қосылған сайын сервистердің жұмысы да біртіндеп қалпына келеді.
Ақау басқа компанияларға да әсер етті
Microsoft сервистеріндегі іркіліс өзге технологиялық компаниялардың жұмысына да әсер еткен. OpenAI Microsoft сервистеріне қосылу кезінде туындаған қиындықтарды тексеріп жатқанын хабарлады. Ақау салдарынан пайдаланушылар жаңа қосылымдар жасай алмай, кейбір құралдарды пайдалануда қиындықтарға тап болуы мүмкін еді.
Ал Anthropic компаниясы техникалық инфрақұрылым жеткізушілерінің бірінде ақау анықталғанын мәлімдеді. Соның салдарынан Microsoft 365 қызметіне қосылуда қиындықтар туындаған.
Айта кетейік, өткен айда Microsoft бұлтты Azure платформасында да ақау болғанын хабарлаған еді. Ол кезде іркіліс компанияның кеңсе бағдарламаларына және бірнеше елдегі кәсіпорындардың жұмысына әсер еткен.
Еске салайық, бұған дейін Microsoft компаниясы қызметкерлер санын қысқартудың жаңа тәсілін таңдаған еді. Технологиялық алпауыт 60 мыңға жуық маманына өтемақы ұсынып, жұмыстан өз еркімен кетуге мүмкіндік бермек. Бұл бастама компанияның шығындарын азайтып, мәжбүрлі қысқартудан бас тартуына жол ашуы мүмкін. Өтемақы мөлшері Microsoft компаниясында бұрыннан қолданылып келе жатқан талаптарға сәйкес белгіленеді. Бұған дейін АҚШ-тағы осындай бағдарламаларға қатысқан қызметкерлерге кемінде 60 күндік негізгі жалақы төленген. Ал кейбір қызметкерлердің өтемақысы еңбек өтілі мен атқарған қызметіне қарай 39 апталық жалақы мөлшеріне дейін жеткен.
Инфляция қарапайым тілмен: Жалақы өзгермесе де, азық-түлік неге қымбаттайды
