Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйеліне опасыздық жасаған: Жанжалдан кейін Nvidia басшысы қызметінен кетті

Дженсен Хуанг
Фото: Getty Images

Барлау қызметімен байланысы бар әйелмен қатынасы үшін бас дауға қалған Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг қызметінен кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Компанияның ресми сайтында басшылық құрамындағы өзгерістер туралы мәлімдеме жарияланған.

Мәлімдемеге сәйкес, Nvidia директорлар кеңесі Дженсен Хуангтың президент, бас директор және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерінен кету туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Шешім бірден күшіне енген.

Уақытша бас директор міндетін компанияның қазіргі атқарушы вице-президенті әрі қаржы директоры Колетт Кресс атқарады. Ол тұрақты басшы тағайындалғанға дейін бұрынғы қызметтерін де жалғастырады.

Компания директорлар кеңесі жаңа басшыны іздеуге кіріскенін және ішкі әрі сыртқы үміткерлерді қарастыратынын мәлімдеді.

"Nvidia компаниясының басты күші әрдайым оның қызметкерлері болды. Басшылық тобымен бірге Дженсен соңғы 33 жылда қалыптастырған берік негізді одан әрі дамытуды мақсат етемін", –деді Колетт Кресс.

Сонымен қатар директорлар кеңесі Харви К. Джонсты кеңес тарихындағы алғашқы төраға етіп тағайындады. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы технология саласында кәсіпкер және басшы ретінде еңбек етіп, венчурлық инвестициямен айналысқан. Сондай-ақ Synopsys компаниясының бас директоры және атқарушы төрағасы қызметтерін атқарған.

Компания мәлімдемесінде Дженсен Хуангтың Nvidia мен жалпы технология саласының дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланғаны айтылған.

Еске салайық, бұған дейін Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін Элис Хуанг есімді кәсіпкер әйелмен көңілдес болғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланған еді. The New York Times басылымының мәліметінше, АҚШ арнайы қызметтері әйелді бір жылдан астам уақыт бақылап, оның Қытай билігіне ақпарат жеткізген болуы мүмкін деген күдікке келген. Кейін Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, отбасынан кешірім сұрады. Осы жағдайдан кейін Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу бастады. Алайда компания әзірге құпия деректердің сыртқа тарағанын растайтын дәлел жоқ екенін мәлімдеді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 21:44