Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылама, 10 жыл жыладың ғой": Елдос Колобок бір жасқа толған ұлының жүзін алғаш рет көрсетті

Елдос Колобок отбасымен
Фото: Instagram.com/eldos_kalabok/

Елдос Колобок лақап атымен танымал блогер Елдос Қадырханов ұлы Әлемнің бір жасқа толуына орай оның жүзін алғаш рет көпшілікке көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Перзентін жұбайымен бірге он жылға жуық күткен блогер отбасылық видеосын жариялады. Кадрларда Елдос пен жұбайы Таңшолпан ұлдарын туған күнімен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін жеткізеді. Тілек айтып тұрған Таңшолпан толқып, көзіне жас алған.

Сол сәтте Елдос жұбайына әзіл араластыра жұбату айтқан.

“Жылама, он жыл жыладың ғой. Жетер енді”, – дейді ол келіншегіне.

Блогер ұлының дүниеге келуі өмірлерін өзгертіп, ата-ана болудың қуанышы мен жауапкершілігін сезіндіргенін айтты.

“Әлем Елдосұлы бір жаста! Туған күніңмен, құлыным, өмірім, қызығым, бұзығым! Сен өмірімізді өзгерттің, сен бізді өзгерттің. Сен бізге әке-ана деген атақ бердің, ол мәртебенің салмағы мен жауапкершілігі қандай екенін сездірдің. Біз сені шексіз жақсы көреміз”, – деп жазды ол.

Ол жұбайы екеуінің ұлдарының елу жасын да бірге тойлауды армандайтынын жеткізді.

“Алғашқы туған күнің құтты болсын! Сенің елу жас тойыңда “Жаным балам” деп Танчо екеуіміз ән айтып тұрайық. Осы күнге жеткізген Аллаға сансыз шүкір. Көз қуанышымыз болып жүре бер. Тіл-көзден аман болсын”, – деді Елдос.

Елдос жазбасының соңында оқырмандарынан Әлемнің кімге ұқсайтынын сұрап, баласына ақ бата берулерін өтінді.

Айта кетейік, былтыр 12 қарашада блогер Елдос Колобок алғаш рет әке атанғаны хабарланған еді. Кейінірек ол ұлымен алғаш кездескен сәтін жариялап, жұртты жылатты.

Еске салайық, Елдос Колобок пен жұбайы Таңшолпан көптен күткен қуанышын бөлісіп, сүйінші сұраған белгілі блогерлер gender party жасағаны хабарланды. Танымал жұпты қазақстандықтар жарыса құттықтады.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 18:58