Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда диплом жұмысын ChatGPT көмегімен жазуға бола ма: Министр жауап берді

Саясат Нұрбек
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Қазақстанда студенттер дипломдық жұмыс жазғанда жасанды интеллектіні пайдалана алады. Алайда оның белгілі бір талаптары бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан жасанды интеллектіге тыйым салмай, оны білім беру жүйесіне енгізу жолын таңдағанын айтты. Өйткені министрдің сөзінше, қазіргі заманда оның қолданылуын толық шектеу мүмкін емес.

"Студенттік және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазғанда жасанды интеллектіні пайдалануға рұқсат береміз. Бірақ талдау бөлігін, қорытынды мен тұжырымдарды жасанды интеллект арқылы жазуға болмайды. Оны студенттің өзі орындауы керек. Сонымен қатар жасанды интеллект қолданылған жағдайда оның қай бөлікте және қандай мақсатта пайдаланылғанын міндетті түрде көрсету қажет", – деді министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, дипломдық жұмыста жасанды интеллектіні пайдаланудың нақты пайыздық шектеуі жоқ. Министрлік жалпы талаптарды белгілеген, ал әр университет өзінің бағыты мен ерекшелігіне қарай ішкі ережелерін бекітеді. Мұндай тәжірибе былтырдан бері қолданылып келеді.

Одан бөлек министрлік халықаралық ETS (Educational Testing Service) ұйымымен бірлесіп, студенттердің білімін бағалайтын жаңа тест әзірлеп жатыр. Ол тек пәндік білімді ғана емес, логикалық ойлауды, цифрлық сауаттылықты және жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану қабілетін де бағалайды. Жаңа тестілеу жүйесін 2027 жылы пилоттық режимде іске қосу жоспарланған. Кейін оның элементтерін жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарда қолдану көзделіп отыр.

Сонымен қатар министр өзі де күнделікті жұмысында жасанды интеллектіні жиі пайдаланатынын жасырмады.

"Мен өз жұмысымда жасанды интеллектіні қолданамын. Мысалы, бір күрделі мәселені тез түсінуім керек болса, оған: "Осыны маған он жастағы балаға түсіндіргендей, барынша қарапайым тілмен, нақты дәлелдермен және көрнекі түрде түсіндіріп берші" деп тапсырма беремін. Сонда күрделі мәселенің мәнін тез түсінуге болады", – деді Саясат Нұрбек .

Оның айтуынша, жасанды интеллект адамды алмастыратын құрал емес, керісінше, жаңа білімді тезірек меңгеруге көмектесетін көмекші болуы керек.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда 12 жастағы оқушы қыз бала кезінде өзіне жасалған жыныстық зорлық-зомбылық туралы ChatGPT-ге айтып, көмек сұраған еді. Жасанды интеллект оған психологқа жүгінуге және 111 байланыс орталығына хабарласуға кеңес берген. Осыдан кейін қылмыс әшкереленіп, қыздың 39 жастағы нағашысы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 17:33