Балқаш жағалауы: Үлкенде атомшылар қалашығы салынады
33 мың тұрғыны бар Жамбыл облысы, Үлкен селосында атомшылар қалашығы салынады. Ол Балқаш көлінің жағалауында орналасқан. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Атом энергиясы агенттігінің хабарлауынша, елді мекен АЭС құрылысы аясында дамитын болады. Елді мекенге 33 мың адамға арналған атомшылар қалашығын біріктіру жоспарланып жатыр. Ауылда тұрғын үйлер, мектеп, аурухана және кадрларды даярлау және қайта даярлау орталықтары, сондай-ақ қонақ үйлер, қызмет көрсету және бизнес нысандары салынады.
“Бұл жеке жұмысшылар кенті болмайды. Бұл – өмір сүруге қажетті барлық ілеспе инфрақұрылымы бар Үлкен ауылының дамуы”, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
АЭС құрылыс аяқталғаннан кейін арнайы құрылған нысандар ауылдың қажеттіліктері мен бизнесті дамытуға арналады. Агенттіктің мәліметінше, Үлкенді Балқаш жағалауындағы ең озық елді мекендердің біріне айналдыру жоспарланып отыр. Ауылдың табиғаты мен орналасуы демалыс пен туризмге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, болашақ атом электр станцияларының (АЭС) қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға арналған оқу-жаттығу орталығын орналастыру жоспарланып отыр. Бір атом электр станциясының құрылысы қызған кезеңде 15 мыңға дейін жұмысшы қажет болса, оларды жұмыспен қамтамасыз ететін шамамен 2 мың маман керек.
“Кадрларды даярлау Қазақстан Республикасының бейінді оқу орындарымен, сондай-ақ Қытай мен Ресейдің мамандандырылған білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылады”, – деп мәлімдеді агенттік.
Сондай-ақ Атом энергия жөніндегі агенттік мамандарды даярлауға “Болашақ” стипендиясы арқылы білім алу мүмкіндігі қарастырылатынын мәлімдеді.
“Бағдарлама шеңберінде атом саласындағы жетекші шетелдік ұйымдарда магистратура, докторантура бағдарламалары бойынша білім алуға және тағылымдамадан өтуге арнайы квоталар қарастырылған”, – деп жазды агенттік.
Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында "Балқаш" атом электр станциясының құрылысын келесі жылы бастауды, сондай-ақ "Мойынқұм" АЭС құрылысына дайындықты жеделдетуді ұсынды.
