Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Балқаштағы АЭС-тің құрылысы келер жылы басталмақ: Мемлекет басшысы екіншісі АЭС-ті қолға алу керегін айтты

АЭС
Фото: globalenergyprize.org

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында "Балқаш" атом электр станциясының құрылысын келесі жылы бастауды, сондай-ақ "Мойынқұм" АЭС құрылысына дайындықты жеделдетуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлекет басшысының айтуынша, атом энергетикасын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Осыған байланысты болашақта атом электр станцияларын уранмен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін қазірден ойластыру қажет.

"Бүкілхалықтық референдум нәтижесінде АЭС салу туралы дұрыс шешім қабылданды. Оның үстіне бірден бірнеше станция салу көзделіп отыр. Қазірдің өзінде оларды елу жылдан кейін және одан әрі уран шикізатымен қалай қамтамасыз ететінімізді ойластыруымыз керек. Қазақстандағы атом электр станцияларының алдағы жүз жылдағы қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік стратегиялық уран қорын құру туралы ұсынысты жан-жақты қарастыру қажет деп санаймын", – деді Тоқаев.

 Президенттің пікірінше, АЭС-терді отынмен қамту мәселесін қазірден бастап, тіпті 50 жылдан кейінгі қажеттілікті де ескере отырып жоспарлау қажет.

Президент атом электр станцияларын салуға қатысатын шетелдік компаниялар Қазақстанда жоғары технологиялық өндірістер ашуға, отандық мамандарды даярлауға және ядролық энергетика саласындағы тәжірибесін беруге атсалысуы керегін айтты. Оның сөзінше, Ресей мен Қытай компанияларынан осындай ұсыныстар түсіп жатыр.

"Менің ойымша, келесі жылдың өзінде "Балқаш" атом электр станциясының құрылысын бастауға және "Мойынқұм" АЭС құрылысын тезірек қолға алу үшін жан-жақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға болады, тіпті бұл қажет те шығар. Әрине, келіссөздердегі барлық ұстаным Қазақстанның ұлттық мүдделерін ескере отырып, мұқият пысықталып, келісілуі тиіс", – деді мемлекет басшысы.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев 2029 жылдың соңына дейін елдегі инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінетінін мәлімдеген еді.

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 28 Қазан, 2026 11:36