Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менің бауырым": АҚШ елшісі Нұрлан имамның үйінде қонақ болып, шашу шашты

Нұрлан имам, АҚШ елшісі
Фото: Instagram.com/usinkz

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Жули Стафф қызы Амелиямен бірге танымал имам Нұрлан Байжігітұлының шаңырағында қонақ болды. Дипломат қазақтың салт-дәстүрімен танысып, тіпті шашу шашты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кездесудің видеосы АҚШ елшілігінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Кадрлардан елші мен оның қызының қазақы нақыштағы шапан киіп, дастархан басында отырғанын көруге болады.

Нұрлан имам мәртебелі меймандарын ерекше ықыласпен қарсы алып, қазақтың “төр көрсету” дәстүрінің мәнін түсіндірді.

“Қош келдіңіздер! Менің шаңырағымның ең алғашқы қонақтары – сіздерсіздер. Қазақта “төбеміз көкке жетті” деген сөз бар ғой. Қазір тура сондай сезімде отырмыз. Қазақта “төр көрсету” деген дәстүр бар. Ең құтты орын – төр. Мен имам болғандықтан, барлық жерде төрде өзім отырамын. Ал бүгін қарындасымыз – бастық”, – деп әзілдеді Нұрлан имам.

Өз кезегінде Жули Стафф та қазақы қонақжайлыққа ризашылығын білдіріп, Нұрлан имамды бауырына теңеді.

“Нұрлан имам – менің бауырым”, – деді дипломат.

Кездесу барысында АҚШ елшісі қазақтың шашу шашу дәстүріне де қатысып, жиналғандарға тәттілер таратты.

АҚШ елшілігі де Нұрлан Байжігітұлына жылы қабылдауы үшін алғыс айтты.

“Елші Стафф пен оның қызы Амелияны қазақ халқының жылылығын, қонақжайлығын және мәдени байлығын бейнелейтін әдемі дәстүр – “төр көрсетуге” шақырғаныңыз үшін рақмет, Нұрлан имам”, – делінген елшілік жазбасында.

Айта кетейік, төр көрсету – қазақ халқының қонаққа деген ерекше құрметін білдіретін ежелгі дәстүр. Үй иесі қадірлі мейманын төрге шығарып, сый-құрмет көрсетеді.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ елшісі қазақтың киіз үйінде Yenlik-пен бірге дуэт орындағаны хабарланған еді. 

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 13:40