Атырауда балабақша тәрбиешісі баланы сүйреп, шапалақпен ұрған: Оқиға видеоға түсіп қалды
Атырау облысының Индербор кентіндегі "Балдәурен" балабақшасының тәрбиешісі балалардың бірінің туған күнін атап өту кезінде оларға дөрекілік танытқан. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға балабақшаның "Күншуақ" тобында болған. Онда бүлдіршіндердің бірі екі жасқа толуына орай туған күнін атап өткен. Тәрбиешілер ата-аналарға арналған мерекелік видео түсіру үшін балаларды туған күн иесінің айналасына жинаған.
Сол сәтте тәрбиешілердің бірі баланы үстелге қарай дөрекі түрде сүйреп әкелсе, екіншісінің арқасынан шапалақпен ұрған.
Видеода әйелдің балаға зекіп сөйлеп, оны итеріп, шымшығаны байқалады. Сондай-ақ ол баланың әрекетін өзгелерге көрсеткендей сөйлеп "Әне, қарашы. Тентек тұр, әлі де оны итеріп, түртіп жатыр. Тағы да қасына келіп тұрып алып, қарашы мұны?" деп айтқан.

Редакция Атырау облыстық білім басқармасынан және Индер аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашевадан түсініктеме сұраған.
Білім бөлімінің мәліметінше, аталған жағдайға қатысты тексеру басталған. Оның нәтижесі туралы қосымша хабарланатыны айтылды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бегімбет ауылындағы "Айгөлек" бөбекжай-бақшасында тәрбиешінің көмекшісі ұйықтап жатқан 1,5 жасар баланың бетін тырнағаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған еді. Баланың анасы қызметкер мұны басқа тәрбиешімен арадағы кикілжіңге байланысты әдейі жасағанын айтқан. Оқиғадан кейін қызметкер жұмыстан уақытша шеттетіліп, полиция қылмыстық іс қозғаған.
Бір дауыс қанша тұрады: Мәслихат сайлауының ақшасы қайдан келіп, қайда кетіп жатыр