Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ван Гогтің картинасы аукционда рекордтық 190,4 миллион долларға сатылды

Цветущие каштаны
Фото: AFP via Getty Images

Нидерланд суретшісі Винсент Ван Гогтің "Гүлдеген каштан ағаштары" (Châtaigniers en fleurs) картинасы Нью-Йоркте Sotheby's аукционында 190,4 миллион долларға сатылды. Бұл – Sotheby's тарихындағы бағасы бойынша екінші орында тұрған өнер туындысы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Аукциондағы ең қымбат өнер туындысы жөніндегі рекорд әлі де Густав Климттің "Элизабет Ледерердің портретіне" тиесілі. Ол бір жыл бұрын 236,4 миллион долларға сатылған.

Ал Ван Гогтің осыған дейін ең қымбат сатылған картинасы "Кипаристер арасындағы бидай алқабы" болған. Оның құны 2022 жылы 117,2 миллион доллар болған.

Жалпы, аукциондарда немесе жеке мәмілелер арқылы ресми түрде сатылған ең қымбат өнер туындыларының тізімінде "Гүлдеген каштан ағаштары" картинасы тоғызыншы орынға жайғасты. Бірінші орында авторы Леонардо да Винчи болуы мүмкін деп саналатын "Әлем құтқарушысы" (Salvator Mundi) картинасы тұр. Ол 2017 жылы Christie's аукционында ресейлік миллиардер Дмитрий Рыболовлевке 450 миллион долларға сатылған.

Ван Гог "Гүлдеген каштан ағаштары" картинасын 1890 жылы Париж маңындағы Овер-сюр-Уаз ауылында салған. Суретші өмірінің соңғы екі айын дәл осы жерде өткізген. Картина марқұм аргентиналық меценаттар Карлос Блакье мен оның жұбайы Нелли Арьета жинаған әйгілі Блакье-Арьета топтамасындағы 12 туындының бірі болған.

Аукцион алдында осы топтамадағы картиналар Лондон, Париж, Тайбэй, Гонконг және Нью-Йоркте көрмеге қойылған. Оларды тамашалауға 30 мыңға жуық адам келген.

Алайда картина сатылымға шығар алдында оның айналасында құқықтық дау туындаған. Sotheby's аукцион үйі сауда басталуына бірнеше сағат қалғанда ғана картинаны сатуға болатынын хабарлаған. Бұған Блакье мен Арьета мұрагерлері және неміс еврейі, белгілі баспагер Самуэль Фишердің ұрпақтары арасындағы дау себеп болған.

Фишердің мұрагерлерінің адвокаты олардың отбасы картинаны нацистік қуғын-сүргін салдарынан сатуға мәжбүр болғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, отбасының баспасы нацистік режим кезінде ауыр қаржылық шығынға ұшырағандықтан, 1936 жылы картинаны Амстердамда сатуға тура келген.

Алайда аукцион алдындағы сәрсенбі күні Sotheby's екі отбасының өзара келісімге келгенін хабарлады.

"Картинаның нацистік кезеңдегі күрделі тарихын және Фишер отбасының Холокост кезінде көрген азабын ескере отырып, екі отбасы өзара тиімді шешімге келді. Осы келісімге сәйкес туынды сатылымға шығарылады", – делінген аукцион үйінің хабарламасында.

1936 жылдан кейін картина Блакье мен Арьетаның қолына өткенге дейін тағы бес адамның меншігінде болған. Ал аргентиналық меценаттар оны 1975 жылы сатып алған.

Бұған дейін Италияда мұражайдан танымал суретшілердің картиналарын ұрлап кеткені туралы жазған едік. 

Ұрланған туындылар қатарында Пьер Огюст Ренуардың "Балықтар", Поль Сезаннның "Шиелер салынған натюрморт" және Анри Матисстің "Террасадағы одалиска" атты еңбектері бар. Полицияның хабарлауынша, қылмысты төрт адам жасаған. Бетперде киген күдіктілер кіреберіс есікті бұзып, бірінші қабаттағы залдардың біріне кіріп, мұражай бақшасы арқылы қашып кеткен.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 09:24