Қазақстанда емханалардағы қабылдау тәртібін өзгерту ұсынылды: Не өзгереді
Қазақстанда емханаларда медициналық қызмет көрсету тәртібін өзгерту ұсынылды. Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген жобаға сәйкес, дәрігерлер бір қабылдау кезінде науқасты тексеріп қана қоймай, медициналық көрсетілімдер болса, рецепт жазып, анықтама беріп, профилактикалық қызметтерді де көрсете алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің бұйрық жобасында амбулаториялық көмек көрсету қағидаларына бірқатар өзгеріс енгізу көзделген.
Бір қабылдауда бірнеше қызмет көрсетіледі
Жаңа тәртіп бойынша дәрігер науқасты қабылдау барысында оның жағдайын бағалап, қажеттілігіне қарай дәрі-дәрмекке рецепт жазып, тиісті анықтамаларды рәсімдей алады. Сонымен қатар алдын алу шараларын да сол қабылдау кезінде жүргізуге мүмкіндік берілмек.
Бұдан бөлек, егер пациент басқа созылмалы ауруы бойынша жоспарлы бақылаудан өтіп жүрсе, оған қатысты медициналық шаралардың нәтижелері де сол қабылдау аясында ескерілуі мүмкін. Бұл үшін жеке қабылдау рәсімдеу талап етілмейді.
Диагностикалық тексерулердің мүмкіндігі кеңейеді
Жоба аясында медициналық көрсетілімдер болған жағдайда жүргізілетін зерттеулердің ең төменгі тізбесін бекіту ұсынылып отыр. Қажет болған жағдайда дәрігер науқастың денсаулық жағдайына қарай қосымша тексерулер тағайындай алады.
Атап айтқанда, В және С вирустық гепатиттерін анықтау мүмкіндіктерін кеңейту, соның ішінде экспресс-диагностика әдістерін қолдану қарастырылған.
Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қан ұю жүйесінің бұзылыстары және жүйке-бұлшықет жүйесінің аурулары бар пациенттерге арналған тексерулер тізбесін нақтылау ұсынылған.
Барлық қосымша зерттеулерді дәрігер медициналық көрсетілімдерге сәйкес тағайындайды.

Дәрігерлердің құжат рәсімдеу жұмысы азаяды
Өзгерістердің тағы бірі медициналық ақпараттық жүйелерге қатысты. Қабылдау кезінде көрсетілген қызметтер мен жазылған рецепттер туралы мәліметтерді жүйеге автоматты түрде енгізу жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің пікірінше, бұл дәрігерлердің құжаттарды қолмен толтыруға жұмсайтын уақытын қысқартып, пациенттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Министрлік ұсынған өзгерістердің негізгі мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігі мен қолайлылығын арттыру. Әсіресе емханаға тұрақты түрде қаралып, бақылаудан өтуі қажет созылмалы аурулары бар науқастар үшін бұл тәртіптің маңызы зор болмақ.
Айта кетейік, әзірге бұл – бұйрық жобасында ұсынылған өзгерістер. Құжат қабылданған жағдайда амбулаториялық көмек көрсету тәртібіне тиісті түзетулер енгізіледі.
Еске салсақ, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі елімізде емханаларды бағалау жүйесі өзгеретінін мәлімдеген еді.
Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді