Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Науқастардың пікірі есептеледі: Қазақстанда емханаларды бағалау жүйесі өзгереді

Денсаулық сақтау министрлігі
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігі елімізде емханаларды бағалау жүйесі өзгеретінін мәлімдеді. ДСМ өз жзбасында пациент бейінді маманның қабылдауын қанша уақыт күтетінін, қажетті диагностикалық зерттеулерден уақтылы өте ме және стационардан шыққаннан кейін әрі қарай қалай болатынын жазған. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, жоғарыда айтқан көрсеткіштер медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының жұмысын бағалаудың бірыңғай жүйесіне енгізіледі. Емханалардың жұмысын бағалау үшін 100 балдық бірыңғай жүйе енгізіледі. Көрсеткіштерді есептеу денсаулық сақтау саласының ақпараттық жүйелеріндегі деректер негізінде тоқсан сайын автоматты түрде жүргізіледі.

“Біз емханалардың жұмысын формалды бағалаудан бас тартуымыз керек. Басты критерий – көрсетілген медициналық көмектің сапасы, яғни пациенттің нақты қандай нәтижеге қол жеткізгені: қажетті маманға қаншалықты жылдам барғаны, диагностикадан уақтылы өткені және емделгеннен кейін бақылауды жалғастырғаны. Ол үшін деректер автоматты түрде әрі объективті қалыптасуы керек. Қазіргі таңда ақпарат бірнеше цифрлық ресурста орналасқан. Сондықтан біздің міндетіміз – оларды интеграциялап, бірыңғай бағалау жүйесін қалыптастыру”, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Пациенттердің кері байланысы да бағалауға енгізіледі. Дәлірек айтқанда, медициналық көмектің қаншалықты қолжетімді әрі түсінікті болғаны, пациент өзінің диагнозы мен алдағы емдеу жоспарын түсіне ме, көрсетілген медициналық көмектен кейін денсаулық жағдайының жақсарғанын байқай ма сынды мәселелер ескеріледі. 

Еске сала кетейік, Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда дәрігерлер тағайындайтын кейбір заманауи препараттардың қарапайым дәріханаларда жоқ екенін айтып, дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне қатысты мәселе көтерді.

Ислам Әден
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 17:38