Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жапонияда 11 мың, Қазақстанда 463 мың теңге": Асхат Аймағамбетов дәрі бағасына қатысты мәселе көтерді

Дәрі-дәрмек
Фото: Magnific.com

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда дәрігерлер тағайындайтын кейбір заманауи препараттардың қарапайым дәріханаларда жоқ екенін айтып, дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне қатысты мәселе көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Экс-министр Telegram арнасында жазба жариялады. Оның сөзінше, жеке қабылдау кезінде бір азамат дәрігер тағайындаған вонопразан препаратын Қазақстаннан таба алмай жүргенін айтқан.

Депутат мысал ретінде Helicobacter pylori инфекциясын 14 күн емдеу үшін науқасқа 20 мг-нан 28 таблетка қажет екенін келтірді.

Асхат Аймағамбетов ашық деректерге сүйеніп, Жапонияда Takeda компаниясы шығаратын түпнұсқа Takecab препаратының 28 таблеткасы шамамен 11 мың теңге тұратынын айтты. Ал Малайзияда осы препараттың 30 таблеткасы 27-30 мың теңге шамасында сатылады.

Ал Қазақстанда бұл дәрі әдеттегі дәріханаларда жоқ. Тапсырыспен әкелетіндер 100 таблеткалық қаптаманы 463 мың теңгеден жоғары бағаға ұсынады.

“Науқасқа 28 таблетка ғана қажет. Бірақ оған қажетті мөлшерден төрт есе көп дәрі алып, жүздеген мың теңге төлеуге тура келеді. Қазақстандағы бір таблетканың бағасы Жапониядағы ресми бағадан шамамен 12 есе қымбат”, – деді Аймағамбетов.

Ол биыл дәрілік заттарды тіркеуді жеңілдететін заң қабылданғанын еске салды. Жаңа тәртіп бойынша FDA секілді беделді халықаралық реттеушілер мақұлдаған препараттарға жеделдетілген және жеңілдетілген тіркеу рәсімі қарастырылған. Қалған дәрілер үшін де мерзімдер қысқарып, “бір терезе” қағидаты енгізіледі.

Алайда депутаттың айтуынша, заңды қабылдау мәселені автоматты түрде шешпейді.

“Егер заманауи препараттар әлі де дәріханаларда жоқ болса, ал азаматтар оларды шетелден іздеуге немесе бірнеше есе қымбат алуға мәжбүр болса, демек жаңа механизм әлі толық жұмыс істеп тұрған жоқ”, – деді ол.

Депутат мәселе тек дәрілерді тіркеуде емес екенін атап өтті. Ол Қазақстан нарығында жоқ, бірақ сұранысқа ие препараттарды жүйелі түрде анықтап, өндірушілермен тікелей жұмыс істеу, жеткізуді жеңілдету қажет деп санайтынын жеткізді.

Депутат бұл мәселені Құрылтай комитетінің отырысында көтеретінін мәлімдеді.

“Негізгі нәтиже – қағаз жүзінде қысқарған мерзім емес, науқасқа қажет дәрінің дәріханада қолжетімді бағамен болуы. Дәрі көбейсе, бағаға да әсер етеді”, – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске салайық, бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек дәрі-дәрмек саласындағы жемқорлықты әшкерелегені хабарланған еді. Оның айтуынша, бұл іске Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы және “СК-Фармацияның” қатысы бар. Ол аталған ұйымдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы шенеуніктерін қатаң сынға алды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 15:25