Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Заңбұзушылық көп": Депутат "СҚ-Фармация" сатып алуларына қатысты тексеру жүргізуді талап етті

фармацевтика
Фото: magnific.com

"СҚ-Фармация" айналасындағы даулар қайта күн тәртібіне шықты. "Ақ жол" фракциясы фармацевтика саласындағы кәсіпкерлердің шағымдары әлі де жалғасып жатқанын айтып, компанияның сатып алу рәсімдеріне қатысты бірқатар мәселеге назар аударды. Депутаттар отандық өндірушілерге қойылатын талаптардың біркелкі қолданылуын, заңсыз қатысушылардың сатып алуға қатысу мүмкіндігін және 2027 жылға медициналық бұйымдарды сатып алу заңдылығын тексеруді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фракцияның депутаттық сауалы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға, Бас прокурор Берік Асыловқа және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровқа жолданды.

Депутаттар "СК-Фармация" қызметіне қатысты мәселелерді бұған дейін де бірнеше рет көтергенін еске салды. Олардың қатарында дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауы, ұзақ мерзімді шарттар жасасу, отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қолжетімділігі, дәрі-дәрмек жеткізілімдеріндегі іркілістер және мемлекеттік аудит барысында анықталған бұзушылықтар бар.

"Алайда, фармацевтика саласындағы кәсіпкерлерден келіп түсіп жатқан шағымдардың әлі де жалғасуы, бұл мәселелердің толық шешілмегенін көрсетеді", – делінген депутаттық сауалда.

Фракция бұл жолы мәселе жекелеген сатып алулармен ғана шектелмейтінін айтып отыр. Депутаттардың назарын аудартқан жағдайлардың бірі – отандық өндіруші мәртебесін растауға қойылатын талаптардың әртүрлі қолданылуы.

"Егер кейбір қатысушылардан бұл мәртебені растау міндетті түрде талап етілсе, ал “басқа” қатысушыларға қатысты дәл осындай талаптар мүлде қойылмайды немесе постфактум ғана қойылады. Сатып алу қағидалары барлығына бірдей болуы тиіс. Қатысушыларды алдымен сатып алу рәсіміне қатысуға жіберіп, кейін нақты жеткізушіге немесе тауарға қарай қойылатын талаптарды іс жүзінде өзгертуге болмайды", – делінген сауалда.

Депутаттар бұл мәселенің денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген ішкі талдауы аясында да өзекті болғанын атап өтті.

Тағы бір мәселе мемлекеттік сатып алу кезінде адалдық қағидатына қайшы жасайтындар тізіліміне енгізілген өнім берушілердің "СҚ-Фармация" сатып алуларына қатысу мүмкіндігі.

"Ақ жол" фракциясының мәліметінше, №110 Қағидаларда мұндай өнім берушілердің сатып алуға қатысуына тікелей тыйым салынбаған. Депутаттар бюджет қаражаты мен МӘМС жүйесінің қаражаты жұмсалатынын ескеріп, бұл мәселеге нақты құқықтық баға беруді сұрады.

"Егер қолданыстағы заңнама мұндай жағдайға жол берсе, дереу жоюды талап ететін елеулі құқықтық олқылық", – деп атап өтті олар.

Фракция 2027 жылға медициналық бұйымдарды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуға да ерекше назар аударды. Аталған сатып алу 2026 жылғы 26 маусымда жарияланып, 223 лоттан тұрған. Депутаттардың айтуынша, осы сатып алуға қатысты отандық өндірушілер талаптардың тең әрі ашық қолданылмай отырғанына алаңдаған. Жекелеген тауарларға Қазақстандық өндіруші мәртебесін растау жөніндегі талаптар біркелкі қолданылмайды дейді депуттаттар. Фракция мұндай жағдай отандық өндірушілерді қолдау саясатына кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартты.

"Өндіріске, жұмыс орындарын құруға және өзінің өндірістік базасын дамытуға инвестиция салған отандық өндіруші ел экономикасы алдында осындай міндеттемелер алмайтын қатысушылармен салыстырғанда неғұрлым қолайсыз жағдайға тап болады. Кәсіпкерлердің “СҚ-Фармацияның” әрекеттеріне қатысты денсаулық сақтау министрлігіне немесе Бас прокуратураға жолдаған шағымдарының оларда көрсетілген шағым нысанының өзіне, яғни “СҚ-Фармацияға”, қарау және жауап дайындау үшін жолдау тәжірибесі ерекше алаңдаушылық туғызады", – делінген сауалда.

Фракция мұндай тәсілдің орнына объективті тексеру жүргізілуі қажет деп санайды.

"Мұнда ведомстволар арасындағы хат алмасу емес, объективті тексеру жүргізу, нақты мән-жайларды анықтау және заң бұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту қажет", – деп мәлімдеді депутаттар.

"Ақ жол" фракциясы уәкілетті органдардан төрт мәселе бойынша шара қабылдауды сұрады. Атап айтқанда, "СҚ-Фармация" тарапынан отандық тауар өндіруші мәртебесін растауға қойылатын талаптарды біркелкі қолдануды қамтамасыз ету, адалдық қағидатына қайшы жасайтындардың сатып алуға қатысуына құқықтық баға беру, 2027 жылға медициналық бұйымдарды сатып алудың заңдылығын тексеру және шағым түскен ұйымдардың өздеріне сол шағымдарды қайта жолдау тәжірибесіне жол бермеу ұсынылды.

Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында (МӘМС) құжаттарды қолдан жасау, “қосып жазу” және ірі көлемде қаржы жымқыру деректері анықталғанын айтқан еді. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, 2024-2025 жылдары денсаулық сақтау саласына 7,8 триллион теңге бөлінген.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 12:40