Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда дәрігер қабылдауын күту мерзімін қысқарту ұсынылды

дәрігер науқас күту
Фото: magnific.com

"Әділет" партиясы фракциясының депутаты Арман Жансеңгіров Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық сауал жолдап, бейінді дәрігерлердің қабылдауын және диагностикалық зерттеулерді күту мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе партияның сайлауалды бағдарламасы аясында халықпен кездесулер кезінде жиі көтерілген. 2026 жылы медициналық көмекті ұйымдастыру тәртібіне өзгерістер енгізілгенімен, бейінді мамандардың қабылдауына жазылуға қатысты шағымдар әлі де көп.

“2026 жылы № ҚР ДСМ-37 бұйрыққа енгізілген өзгерістерде бірқатар жағымды жаңалықтар бар. Бейінді маман пациентті тексерулерге және әріптестеріне жіберуге құқылы, қабылдау кестелері 60 күнге жарияланады, қызмет көрсетуге уақыт нормативтері белгіленді. Сонымен қатар бейінді мамандардың қолжетімділігі азаматтар өтініштерінің негізгі себебі болып қала береді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 925 шағым түсті. Олардың көбі Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан және Астана қаласынан тіркелді”, – делінген депутат сауалында.

Депутаттар қолданыстағы талаптарды талдай келе, бірнеше мәселені атап өтті.

“Біріншіден, азаматтардың жоспарлы медициналық көмекті қанша уақыт күтуі керектігі нақты белгіленбеген. Қордың мониторинг ережелерінде 10 күн, ал түсіндірмелерінде 15 жұмыс күні көрсетілген. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығында нақты мерзім жоқ. Екіншіден, дәрігерлердің қабылдау кестесі 60 күнге жарияланғанымен, бұл пациенттің қабылдауға нақты қашан түсетінін білдірмейді. Соның салдарынан азаматтар бір айдан да ұзақ уақыт күтуі мүмкін. Сонымен қатар емханадағы алғашқы дәрігерге, жазылу мерзімі де нақты реттелмеген. Бұл науқастың медициналық көмек алуына кететін жалпы уақытты ұзартып жіберуі мүмкін”, – дейді депутат.

Депутат мамандар саны өзгермеген жағдайда жаңа қабылдау уақыты нормативтерінің енгізілуі дәрігерлердің бір күнде қабылдайтын науқастардың санын азайтуы мүмкін екенін де атап өтті.

“Тағы бір мәселе – науқасқа үштен артық бейінді маманға жолдама беруге қойылған шектеу. Бұл бірнеше ауруы қатар кездесетін науқастардың қажеттіліктерін толық ескермеуі мүмкін. Сондай-ақ дәрігердің науқасты қайта қабылдауға жазу мүмкіндігі "ауру жалғасып жатыр" деген белгімен байланыстырылған. Бұл талаптың формалды түрде қолданылу қаупі бар. Диспансерлік есепте тұрған азаматтардың бейінді дәрігерге тікелей жазылуы да тек мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді. Бұл әсіресе егде жастағы және ауылдық жерде тұратын адамдарға қиындық туғызуы мүмкін”, – деп жазды депутат Арман Жансеңгіров. 

Бұдан бөлек, депутат өңірлер бойынша дәрігер қабылдауын күтудің нақты мерзімдері ашық жарияланбайтынын айтты.

Осыған байланысты депутаттар Денсаулық сақтау министрлігіне бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда:

  • Жоспарлы медициналық көмекті күтудің нақты шекті мерзімін белгілеу;
  • Онкологиялық ауруға күдік болған жағдайда және балалар үшін күту уақытын қысқарту;
  • Күту мерзімдерін автоматты түрде бақылау жүйесін енгізу;
  • Медициналық ұйымдардағы штат санын және қызмет көрсету тарифтерін қайта қарау;
  • Науқасқа берілетін жолдамалар санын клиникалық хаттамаларға сәйкес анықтап, қайта қабылдауға жазылуды ем нәтижесімен байланыстыру талабын алып тастау;

Сондай-ақ депутат бейінді дәрігерге жазылу мүмкіндігін мобильді қосымшамен ғана шектемей, тіркеу орны мен байланыс орталығы арқылы да қолжетімді етуді ұсынды.

Бұған дейін Ақмарал Әлназарова емханаларда дәрігерлерге жазылу мүмкіндігін әр екі апта сайын тексеруге тапсырма берген еді. Көптеген емханаларда дәрігерлердің қабылдау кестесі жасалғанымен, науқастар өздігінен қабылдауға жазыла алмайды.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 07 Қазан, 2026 12:37