Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда перзентхана, балалар ауруханасы және жедел жәрдем станцияларының басшылары тексеріледі

дәрігер аттестация министр
Фото: pexels.com

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балалар ауруханаларының, перзентханалар мен жедел жәрдем станцияларының бас дәрігерлері және олардың орынбасарларының өз қызметіне қаншалықты сай екенін тексеруді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік басшысы медициналық көмектің сапасы дәрігердің кәсіби біліктілігіне ғана байланысты емес екенін атап өтті. 

“Медициналық ұйымның бүкіл жұмысы қалай ұйымдастырылғаны, шешімдердің қаншалықты жедел қабылданатыны және науқастың мүддесі шын мәнінде бірінші орында тұра ма – бұл да аса маңызды. Сондықтан босандыру қызметтері, балалар стационарлары және жедел медициналық жәрдем станциялары ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларын кезекті аттестаттаудан өткізуді тапсырдым”, – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр басқарушылық шешімнің артында адамның денсаулығы, кейде өмірі тұрғанын еске салды. Оның айтуынша, қазір аталған қызметтерде барлығы 1 100 басшы мен олардың орынбасары жұмыс істейді. Олардың 357-сі аттестаттаудан өтеді. 14 қазаннан бастап олар үшін тестілеу басталады.

“Аттестаттау – тұрақты түрде өткізілетін рәсім. Алайда менің талабым – оны формальды рәсімге айналдырмау. Бізге стандарттар мен нормативтік талаптарды жай ғана білетін емес, олардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ете алатын басшылар қажет. Яғни олар команданың жұмысын ұйымдастырып, пациентке медициналық көмектің уақтылы әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз етіп, қолда бар ресурстарды тиімді пайдаланып, медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуына жағдай жасай білуі керек”, – дейді Ақмарал Әлназарова.

Оның сөзінше, бас дәрігер бүкіл медициналық ұйымның қалай жұмыс істейтініне және нәтижесінде адамның қандай медициналық көмек алатынына жауап береді. Басқару сапасы дәл осы тұрғыдан бағаланбақ.

Бұған дейін Оралда дәрігерлер 7 жыл бойы емтихансыз аттестациядан өтіп келгені туралы жазған едік. Олар осылайша 4 миллион теңге қаражат тапқан. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 15:23