Педагогтерді аттестациялау жүйесінде не өзгереді: Оқу-ағарту министрлігі мән-жайды түсіндірді
Фото: ChatGpt арқылы жасалды
Педагогтерді барлық біліктілік санаты бойынша аттестациялау “Ұстаз” платформасы арқылы жүзеге асырылады. Мұны Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-министрдің айтуынша, қосымша төлемдердің енгізілуі педагогтердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттырған. Оған қоса жыл сайынғы еңбек демалысының ұзақтығы 56 күнге дейін ұлғайып, мамандықтың тиімділігін күшейткен. Соның нәтижесінде қазақстандық мұғалімдердің 95%-ы өз мамандығына қанағаттанатынын білдірді. Ал қоғам тарапынан педагог еңбегіне лайықты баға беріліп жатыр.
“Қалыптасқан оң динамиканы ескерсек, жүргізіліп жатқан реформалар жаңа, мазмұндық кезеңге өтіп жатыр. Осыған байланысты педагогтерді аттестациялау жүйесін түбегейлі жетілдіру мәселесі стратегиялық маңызға ие. Қазіргі қолданыстағы аттестация тетіктері педагогтерге артық әрі негізсіз жүктеме түсіреді. Атап айтқанда, тестілеуге дайындалуға көп уақыт жұмсалады, портфолио қалыптастыру күрделі, әзірленген авторлық материалдардың практикалық қажеттілігіне қатысты сұрақтар бар. Мұндай факторлар мұғалімді негізгі міндетінен оқыту сапасына назар аударудан алшақтатады”, – деді Ақпарова.
Вице-министрдің айтуынша, бірінші өзгеріс педагогтер үшін пәндік білім бойынша міндетті тестілеу алып тасталды. Дегенмен тестілеу педагогикалық мамандыққа алғаш рет келетін түлектерге, жұмысын қайта бастаған педагогтерге, білім беру ұйымдарының басшыларына, олардың орынбасарлары мен әдіскерлеріне сақталады.
Енді мұғалімнің қызметі тест нәтижесімен емес, оның күнделікті жұмысы мен білім сапасына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланады.
Қазір педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде ұлттық бірыңғай тестілеуге тәуелділікті біртіндеп азайту көзделген. Оның орнына тест нәтижелерімен қатар арнайы емтихандарды қамтитын гибридті бағалау моделі қолданылмақ. Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарға түсу талаптары күшейтіліп, шекті балл 75-ке дейін көтерілді. Осылайша, мұғалім мамандығына үміткерлерге қойылатын талаптар күшейіп, жоғары оқу орнына түсу кезеңінен бастап ең қабілетті және ынталы талапкерлер іріктеледі.
Екінші өзгеріс – аттестация талаптарынан эссе жазу, ғылыми мақалалар жариялау, авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу міндеттері алып тасталды.
Үшінші өзгеріс – аттестация үдерісі толық цифрландырылды. Барлық біліктілік санаты бойынша аттестация "Ұстаз" платформасы арқылы, ақпараттық жүйелермен интеграция негізінде жүзеге асырылады.
“Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тестілеуден сәтті өтіп, шекті балл жинап, белгіленген талаптарға сай портфолио қалыптастырған педагогтерге тиісті біліктілік санаты бойынша қосымша төлемдер 1 қыркүйектен бастап төленеді. Ал алғашқы тестілеуде шекті балл жинай алмаған, бірақ талапқа сай портфолиосы бар педагогтерге шілде айында тестті қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Егер қайта тестілеу нәтижесінде де шекті балл жиналмаса, тиісті біліктілік санаты берілмейді. Мұндай педагогтер 1 қыркүйектен бастап енгізілетін жаңа аттестация моделіне қатыса алмайды”, – деді Ақпарова.
Вице-министрдің сөзінше, қайта тестілеуден өтуді қаламайтын педагогтер осы жылдың қыркүйегінен бастап пилоттық режимде енгізілетін жаңа модель аясында аттестациядан өте алады.
Вице-министр аттестацияның пилоттық кезеңін көздейтін бұйрық жобасы әзірленгенін және қазір келісу сатысында екенін айтты. Сонымен қатар барлық мүдделі тараппен түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Айта кетейік, жасанды интеллект элементтері енгізілген курстардан кейін елдегі педагогтердің білім деңгейі 28% артқан.