Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалімдерден Scopus журналына мақала жариялау талап етіле ме: Оқу-ағарту министрлігі жауап берді

аттестацияФото: ChatGpt арқылы жасалған

Елімізде мұғалімдерді аттестациялау жүйесіне өзгерістер енгізілетіні айтылып жатыр. Әлеуметтік желілерде педагогтерден Scopus базасына кіретін журналдарда ғылыми мақала жариялау талап етіледі деген ақпарат тарады. Оған Оқу-ағарту министрлігі жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған жағдай қазақстандықтар арасында Threads желісінде қызу талқыға түсіп жатыр. Олар бұл талаптың орындылығы мен шынайылығына күмән келтіріп отыр.

Жұртшылық не дейді?

Желі қолданушылары мұндай талаптың тым ауыр әрі Scopus-қа мақала жариялау үшін де қомақты қаржы керек екенін айтты.

“Министрліктің бұл шешімін қолдаймыз, скопус болса, оны да жазамыз деп жатқан мұғалімдердің әңгімесіне әбден күлдім. Көп мұғалім скопус түгілі қысқа мерзімді сабақ жоспарын дұрыс жаза алмайды. Сабақ жоспары мен мақсатты дұрыс қоя алмайды ғой. Қазақ “Аяз би, әліңді біл” дейді”.

пікірThreads: Скрин

“Мынау енді тым сорақылық болайын деп тұр. Мынадан кейін мектепте мұғалім қалмас. Скопусқа кім үшін жариялатпақ, кім оқиды? Мұғалім тапқан-таянғанын соған төлеу керек пе?”.

“Мұғалімдерді мазақ ету басталды ма? Мұғалімдер скопусқа мақала жариялағандары қалай? Докторант досым 2 жыл жүріп әрең дегенде шығарды. Тағы 1 200 доллар төледі. Сұмдық қой! Ашық сабақ жарайды өтеді, сыныптан тыс жұмыс жасайды. Ал мектепке жаңа маман жылда келе бермейді. Оларға тәлімгерлік қалай жасайды? Жоғарыда отырғандар мектептің ережесін, жай күйін біле ме екен? Облыс, қала деңгейінде 5-6 сабақ беру деген нағыз жемқорлық. Жеме жемнің көкесі сол кезде басталады”.

пікірThreads: Скрин

“Жоғарыда отырғандар мектептің ережесін, мектептің жай-күйін біле ме екен? Жасы келген мұғалімдер ше? IELTS, PhD талап етілсе, олар қайдан тапсырады?”.

“Скопус мақаласын жазып, ғылыммен айналысып жүрген адамдар санының өзі аз. Университеттің өзінде жоқтың қасы. Ондай жағдайда мектеп мұғалімдерінен мұны талап ету – ақылға қонымсыз”.

пікірThreads: Скрин

“Жаңа ереженің үлгісін көріп шошыдым. Министр ұстаздар қауымын қуантамын деп жылатқалы жатыр-ау. Ерте қуаныппыз. Педагог-зерттеуші санатын аламын деп жоспарлап жүр едім. Әттең тонның келтесі-ай!  Келесі реформада тарихшылардың барлығы тарихи жаңалық ашу керек деп археологиялық жұмыс жүргізу міндеттелмесін. Физиктер Марсқа ұшу керек деп. Біздің елдің ұстаздары не көрмеді”. 

Оқу-ағарту министрлігі не дейді?

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова жаңа аттестация моделінде бірқатар талаптар қайта қаралғанын айтты. 

“Қазір педагогтер тарапынан авторлық бағдарламалар, ғылыми мақалалар, эссе жазуға қатысты көптеген өтініш пен пікір түсті. Мұғалімдер “біз оны оқу процесінде қолданбаймыз, онда не үшін жазуымыз керек?” деген сұрақ көтерді. Осыны ескеріп жаңа аттестация моделінде бірқатар талаптар қайта қаралды”, – деді вице-министр. 

Ақпарова енді педагогтер үшін эссе жазу, ғылыми мақала жариялау, әдістемелік құрал әзірлеу және авторлық бағдарлама дайындау сынды талаптар алып тасталғанын мәлімдеді. 

Вице-министрдің өзі Scopus-та мақала жариялаған ба?

Орталық коммуникациялар қызметінде Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпаровадан өзі де Scopus базасында мақала жариялаған ба деген сауал қойылды. 

Ақпарова білім беру ұйымында педагог болып қызмет атқарғанын айтты. Ал 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызмет атқарып келеді екен. Сол себепті ол кездегі аттестаттау қағидаттары өзгеше болатын деді вице-министр. 

Айта кетейік, бұған дейін Енді Қазақстанда мұғалімдердің пәндік білімін бағалау сынағы жүргізілмейтіні туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 20 Сәуір, 2026 17:14