Енді емханалардағы дәрігерлерге жазылу мүмкіндігі әр екі апта сайын тексеріледі
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова емханаларда дәрігерлерге жазылу мүмкіндігін әр екі апта сайын тексеруге тапсырма берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағанды тұрғындары дәрігерге жазылу мұң болғанын айтады. Алайда олар бұл мәселенің шешілмеуіне де көндіккен.
“Офтальмологқа бару керек болса, алдымен терапевтке барып, соған жазылуың керек. Содан кейін біраз уақыт күтесің. Жалпы, осының бәрі өте ұзақ”, “Маманға екі-үш апта бұрын ғана жазылуға болады. Ешкім жоқ сияқты көрінеді, бірақ қабылдауға бос орын болмайды”, “Ерекше мәселе көріп тұрған жоқпын, кейде күтуге тура келеді. Бірақ өмір болған соң осылай. Адам көп, дәрігер аз”, – дейді тұрғындар.
Бұл мәселеге Денсаулық сақтау министрлігінің назарын аударды. Ақмарал Әлназарова әр екі апта сайын мониторинг жүргізіп, емханаларда медициналық көмектің қолжетімділігін тексеруді тапсырды.
Көптеген емханаларда дәрігерлердің қабылдау кестесі жасалғанымен, науқастар өздігінен қабылдауға жазыла алмайды.
“Егер адам емханаға кіре алмаса, онда жоғары деңгейдегі мәселелер туралы қалай айтуға болады? Жергілікті жерлерде бейінді маманға немесе жалпы практика дәрігеріне қабылдауға жазылу мүмкіндігін ашу үшін, меніңше, ерекше ұйымдастырушылық қабілеттің қажеті жоқ”, – дейді Ақмарал Әлназарова.
Қазір анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар, хирургтар, педиатрлар, радиологтар, кардиологтар және неонатологтар тапшы мамандар қатарында. Невропатолог, ревматолог, эндокринолог және басқа да бейінді мамандарға қабылдауға жазылу қиын.
“Дәрігер тапшылығы кейде шешілмейтін мәселеге айналады. Себебі біздің түлектеріміз, резидентураны аяқтаған мамандардың бір бөлігі грант бойынша жұмыс істеуге міндетті. Ал кейбірі сол міндетін өтеп жүріп, басқа өңірге кетуі мүмкін. Яғни, кадрлардың бір өңірден екіншісіне ауысуы жағдайға айтарлықтай әсер етеді”, – дейді емхананың бас терапевті, медицина ғылымдарының докторы, қоғам белсендісі Вилен Молотов-Лучанский.
Қайырғали Көнеевтің пікірінше, медицина қызметкерлері тапшы жағдайда бақылау жүргізудің пайдасы аз. Оның орнына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы дәрігерлердің еңбегін төлеу тәсілін өзгерту қажет.

Емханалардағы негізгі жұмысты жалпы практика дәрігерлері атқарады. Дәрігердің айтуынша, ол емханаға миллиондаған теңге табыс әкелгенімен, өзі небәрі 250 мың теңге алады.
“Жалпы практика дәрігерлеріне жеке кәсіпкер ретінде емханаларды айналып өтіп, халыққа медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік беріңіздер. Сондатіпті шалғайдағы ауылдарда да тұрғындардың барлығы алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтылады”, – дейді Қайырғали Көнеев.
Қазір жалпы практика дәрігерлері негізінен менеджер қызметін атқарып, науқастарды бейінді мамандарға жібереді. Егер олар науқастарды өздері емдейтін болса, бейінді дәрігерлерге кезек те азаяр еді дейді сарапшы.
Діни сауаттылық не үшін маңызды: Алматы тұрғындары дін туралы ақпаратты қайдан алады