Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

7,6 миллион теңгелік резидентура мен 250 мың теңге жалақы: Қазақстандық жас дәрігерлер оқу ақысын қалай ақтайды

дәрігер резидентура
Фото: magnific.com

Қазақстанда кейбір медициналық мамандықтар бойынша резидентураның жылдық оқу ақысы 4-тен 7 миллион теңгеге жетті. Ал дәрігерлердің орташа айлығы 200-551 мың теңге шамасында. Яғни жас маман үшін бір жылдық оқу құны шамамен жеті-сегіз айлық жалақысына тең. Редакция резидентура құны мен дәрігерлердің табысын салыстырып, осындай ірі шығынның қашан өтелетінін Денсаулық сақтау министрлігінен сұрады.

“Ақылы резидентура мұндай ақшаға татымайды”

Қазақстандық жас дәрігер Алина (аты өзгертілген) резидентураның қымбаттауы мен жалпы практика дәрігерлерінің жағдайына қатысты пікір білдірді.

"Биылғы түлектердің орнында болсам, ең алдымен, грантқа түсуге тырысар едім. Мемлекеттік грантты немесе жергілікті атқарушы орган бөлетін грантты таңдар едім. Егер грантқа түсе алмасам, жалпы практикадағы дәрігері болып жұмысқа орналасар едім. Меніңше, ақылы резидентура мұндай ақшаға татымайды. Жылына 4 миллион теңге төлеп, одан қалды ауруханада бел жазбай жұмыс істеу, өзіңнің тамақ, баспана, жол ақысы сияқты күнделікті шығындарыңды өтеу жас дәрігер үшін тым қымбатқа түседі. Әрине, қаржылық жағдайы жетіп тұрғандар үшін ақылы резидентураға түсуге болады", – дейді жас дәрігер.

Алина жалпы практика дәрігерлерін көптеп даярлаудың мемлекет үшін тиімді екенін айтты. Оның пікірінше, мемлекет бұл бағытта шығынды үнемдеуге тырысады.

"Жалпы практикадағы дәрігердің өзі балаларды да, ересектерді де, жүкті әйелдерді де қабылдай береді. Яғни гастроэнтеролог, кардиолог, невролог сияқты бірнеше маманның жұмысын белгілі бір деңгейде атқарады. Түлектер жалпы практикадағы дәрігер (ВОП) болып жұмыс істегісі келмейді. Неге? Жалақысы төмен, жұмысы көп, еңбегіне деген құрмет аз. Науқастар да еңбегін бағалай бермейді. Басқа мамандар да амбулаториялық дәрігерлерге менсінбей қарайды. Ал басшылық қорғаудың орнына, шағымданған науқастың жағына шығып кетеді. Олар болмаса, амбулаториялық көмек жүйесі жұмыс істей алмайды. Біз күн сайын үлкен жүктемемен жұмыс істейміз, бірақ соған сай құрмет те, жалақы да жоқ", – деп Алина жан сырын ақтарды.

Алинаның айтуынша, жалпы практика дәрігерлерінің жұмысы тек пациент қабылдаумен шектелмейді. Олар үйге шақыртуларға барып, патронаж жүргізіп, көптеген қосымша міндет атқарады. Алайда осындай жоғары жүктемеге қарамастан, жалақысы төмен. Дәрігер түлектердің жалпы практика дәрігері болуға қызығушылығын арттыру үшін осы мамандыққа деген көзқарасты өзгерту қажет деп санайды. Оның пікірінше, әріптестер де учаскелік дәрігерлерді төмендетіп сөйлемеуі керек. Өзінің хирургия бойынша интернатурадан өткенін айтқан дәрігер қазір мамандығын ауыстырғысы келетінін жеткізді. Резидентураның барлық бағыты бойынша оқу ақысы 4 миллион теңге емес деген пікірге қатысты ол 2 миллион теңгенің өзі де арзан емес екенін атап өтті.

“Осылай кете берсе, медицинада дәрігер қалмайды”

Қолданушылардың бірі "Мұндай қарқынмен алдағы жылдары медицинаға ешкім түспейді. 10 жыл оқуға 28 миллион теңге жұмсап, кейін 250 мың теңге жалақы алу тиімсіз" деп жазды. Тағы басқасы "Дәрігер болу үшін онсыз да миллиондаған теңге жұмсалады. Мұндай жағдайда шетелде оқып, сол жақта қалған тиімдірек" деген пікір білдірді.

Альфия есімді оқырман резидентураның 4 миллион теңгеге қымбаттағанына таңғалған. Ол "4 миллион теңге сұмдық. Келісемін. Мұндай баға болса, оған түсетіндер де санаулы болады" деп жазған. Тағы бір желі қолданушысы оқу ақысының 4 миллион теңгеге жетуіне наразылық білдірді. 

"Резидентураның жылына 4 миллион теңге болғанын көргенде, шынымды айтсам, көңілім түсіп кетті. Өміріміздің жартысын оқуға жұмсаймыз. Оның үстіне биыл оқу жүктемесін де көбейтті. Енді келіп, алтыншы және жетінші курсты қатар оқыдық, бағаны да көтерді. Осылай кете берсе, медицинада дәрігер қалмайды. Енді бұл мамандыққа ешкімнің барғысы келмейді" деп ашуын білдірген.

Енді бірі болса, оқу ақысының қымбаттауымен қатар дәрігерлердің жалақысына да алаңдаған. Желі қолданушысының айтуынша "Болашақтағы жалақы да көңіл көншітпейді. Қазір жалпы практикадағы дәрігер дәрігері болып жұмыс істеймін, жалақым тар бейінді мамандардан сәл ғана жоғары. Осындай жағдайда резидентураға түскім де келмейді" дейді ол.

резиденттер
Фото: threads.com желісінен скрин

Ал тағы Әлібек есімді дәрігер Қазақстандағы медициналық қызметтердің қымбаттауына назар аударып, кейінгі бес жылда Қазақстанда ақылы медициналық қызметтердің бағасы шамамен 80,3%-ға өскенін айтты.

"Әсіресе дәрігердің алғашқы қабылдауы, зертханалық қызметтер, рентген және стоматология айтарлықтай қымбаттаған. Бірақ резидентураның жылына 4 миллион теңгеге жеткені – бір бөлек мәселе. Ал дәрігерлердің жалақысы әлі де 200-300 мың теңге шамасында", –  дейді дәрігер Әлібек.
доктор әлібек
Фото: threads.com желісінен скрин

Басқа оқырман өзінің қалаған мамандығы бойынша резидентураның 4 миллион теңге тұратынын айтып, "ВОП дәрігерінің жалақысы шамамен 250 мың теңге. Маған ең арзан резидентураның өзі керек емес. Себебі мен түскім келетін мамандықтың оқу ақысы жылына 4 миллион теңге, ал оқу үш-төрт жылға созылады.

жалақы воп
Фото: threads.com желісінен скрин

Оның үстіне резидентураның бағасы жыл сайын өсіп жатыр, ал жалпы практикадағы дәрігерінің жалақысы сол күйі тиын-тебен болып қалып отыр" деп наразылығын білдірген.

“Жалпы практикадағы дәрігерлер  250-500 мың теңге шамасында айлық алады”

Осы ретте кейбір медициналық мамандықтар бойынша резидентураның жылдық оқу ақысы 4 миллион теңгеге жетеді. Мәселен, дерматовенерология, пластикалық хирургия, урология, радиология, офтальмология және оториноларингология бағыттарында бірінші курс үшін 4 миллион теңге, кейінгі оқу жылдары үшін 4,3 миллион теңге көлемінде ақы белгіленген.

резидентура қазақстан
Фото: Stan.kz

“Жас дәрігер қанша айлық алып жүр”

Осындай соманың жас дәрігер үшін қаншалықты үлкен қаржылай жүктеме екенін түсіну үшін редакция аталған мамандықтар бойынша еңбек нарығындағы жалақы ұсыныстарына да шолу жасап көрді. Ашық вакансиялардағы мәліметтерге қарағанда, бірқатар мамандық иелеріне айына бірнеше жүз мың теңге көлемінде жалақы ұсынылады. 

Мәселен, Алматыдағы ЛОР дәрігерлеріне ұсынылған жалақы 250-500 мың теңге шамасында, ал жекеменшік клиникалардың біріндегі вакансияда 200 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін көрсетілген. Германияда оториноларинголог жылына 80-140 мың еуро (шамамен 43,2-75,6 миллион теңге), ал жоғары лауазымды мамандар 120-160 мың еуроға дейін (64,8-86,4 млн теңге) табыс табады. Ұлыбританияда жалақы 65-115 мың фунт стерлинг (шамамен 40,3-71,3 миллион теңге) аралығында. Ал Канада мен Аустралияда дәрігерлердің жылдық табысы 180-300 мың доллар, яғни шамамен 83,2-138,6 миллион теңгеге жетеді.

оториноларинголог
Фото: hh.kz / qyzmet.kz

Офтальмологтарға 400 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, ал кейбір вакансияларда 300 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жалақы ұсынылған.  Енді Ұлыбританияда офтальмологтар айына 8,2-11,5 мың фунт стерлинг (шамамен 5,1-7,1 миллион теңге) табыс табады. Ал БАӘ мен Парсы шығанағы елдерінде офтальмологтардың айлығы 10-25 мың доллардан жоғары, яғни шамамен 4,62-11,55 миллион теңге және одан көп болуы мүмкін.офтальмолог

Фото: hh.kz / qyzmet.kz

Урологтарға қатысты ұсыныстар 85 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін, ал жекелеген вакансияларда 600-800 мың теңге аралығында. Осы ретте АҚШ-та урологтардың жылдық табысы 590-634 мың доллар (шамамен 272-293 миллион теңге) табыс табуы мүмкін. Германияда — 80-130 мың еуро (43-70 миллион теңге), Ұлыбританияда — 95-135 мың фунт (59-84 миллион теңге), ал Канадада — 250-400 мың канадалық доллар (82,5-132 миллион теңге).

дәрігер уролог
Фото: hh.kz / qyzmet.kz

Мәселен, АҚШ-та радиологтардың орташа жылдық жалақысы 2025 жылы 571 мың долларға, яғни шамамен 263,8 миллион теңгеге жеткен. Ал Қазақстандағы ашық вакансияларда радиологтарға ұсынылатын жалақы айына небәрі 200-350 мың теңге шамасында. Бұдан бөлек, Канадада білікті дәрігерлердің жылдық табысы 300-450 мың канадалық долларға, яғни шамамен 99-148,5 миллион теңгеге жетеді. Германия мен Францияда дәрігер-мамандар жылына 80-140 мың еуро, шамамен 43,2-75,6 миллион теңге табыс табады. Ұлыбританияда радиолог-консультанттардың жылдық жалақысы 85-125 мың фунт стерлингтен (52,7–77,5 миллион теңгеден) басталады. Ал Польшада мамандығын енді бастаған дәрігерлердің айлығы 2,5-4 мың доллар, шамамен 1,15-1,85 миллион теңге көлемінде.

Ал дерматовенерологтарға шамамен 250-350 мың теңге көлемінде жалақы көрсетілген.

дәрігер радиолог
Фото: hh.kz / qyzmet.kz

Ал пластикалық хирургтарға арналған бір вакансияда айына 5-10 миллион теңгеге дейін табыс ұсынылған.

пластикалық хирург
Фото: hh.kz / qyzmet.kz

Бұл көрсеткіштер нақты орташа жалақыны білдірмейді, тек жұмыс берушілердің ашық вакансияларда ұсынған еңбекақысы. Дегенмен жалақының мамандыққа қарай айтарлықтай айырмашылығы бар екенін көрсетеді. 

Ал жалақы мен бірнеше миллион теңгелік оқу ақысын салыстырғанда, ақылы резидентураның өзін-өзі қаншалықты ақтайтыны туралы сұрақ туындайды.

Резидентураның оқу мерзімі мамандыққа байланысты әртүрлі. Кейбір бағыттарда оқу екі жылға созылса, енді бірінде үш-төрт жыл оқыту қарастырылған. Осыған байланысты есептеу үшін резидентураның орташа оқу мерзімі ретінде үш жыл алынды.

Мәселен, жылына 4 миллион теңге тұратын резидентурада үш жыл оқыған жас дәрігер тек оқу ақысының өзіне 12 миллион теңге жұмсайды. Ал оқуын аяқтаған соң айына 250 мың теңге жалақы алады деп есептесек, пәтерді басқа адамдармен бірге жалдап, өз үлесіне 80 мың теңге төлейді делік. Бұған 15 мың теңге коммуналдық төлем, автобуспен жүруге 15 мың теңге жолақы, 50 851 теңге ең төменгі күнкөріс деңгейі және басқа да қажеттіліктерге 50 мың теңге қосылады.

Осылайша, ай сайынғы шығын 210 851 теңгеге жетеді. 250 мың теңге жалақыдан небәрі 39 149 теңге қалады. Егер жас дәрігер осы ақшаның барлығын жинап отырса, резидентураға жұмсаған 12 миллион теңгені шамамен 25 жыл 7 айда ғана қайтара алады.

Ал министрліктің мәліметінше, биыл жарты жылда дәрігерлердің орташа айлық жалақысы қалада 545 484 теңге, ауылда 551 457 теңге болған. Ал ақылы резидентураның басым бөлігі 1,5-2,3 миллион теңге тұрады. Кейбір мамандықтарда оқу ақысы 4 миллион, кейінгі жылдары 4,3 миллион теңгеге дейін жетеді деп жауап берді денсаулық сақтау министрлігі.

"4 миллион теңге көлеміндегі ақылы оқу құны тек елордалық ЖОО (Астана медицина университеті) тарапынан кейбір мамандықтар үшін белгіленген: пластикалық хирургия, дерматовенерология, урология, радиология, офтальмология және оториноларингология. Осы мамандықтар бойынша ақылы қабылдау үлесі резидентураға жалпы қабылдаудың шамамен 5%-ына тең. Әдетте, бұл бағдарламалардың түлектері негізінен жеке медициналық ұйымдарға жұмысқа орналасады", – делінген министрлік жауабында.

“Негізі резидентура құны жылына шамамен 7,6 миллион теңге”

Десе де, министрлік Назарбаев университетінің медицина мектебінде (NU School of Medicine) оқу құны жылына шамамен 7,6 миллион теңге, яғни 5,4 есе жоғары екенін алға тартады.

"Сонымен қатар Қазақстандағы медициналық білімнің құны шетелдің жетекші елдерінен 20-50 есе төмен. Қытайда оқу құны жылына 4-10 мың доллар (1,85-4,62 миллион теңге), Малайзияда 11-33 мың доллар (5,08-15,25 миллион теңге), Түркияда мемлекеттік ЖОО-ларда 3-7 мың доллар (1,39-3,23 миллион теңге), жеке ЖОО-ларда 12-40 мың долларға (5,54-18,48 миллион теңге) дейін, ал Үндістанда мемлекеттік ЖОО-ларда өте төмен бағадан бастап жеке ЖОО-ларда жылына 8 мыңнан 35 мың долларға (3,70-16,17 миллион теңге) дейінгі аралықта өзгереді. ЭЫДҰ елдерінде (Чехия, Польша, Венгрия) дәрігер даярлаудың орташа құны басқа бағыттарға қарағанда 2-3 есе жоғары. Бір оқушыға шаққандағы жылдық шығын 20-30 мың доллар (9,24-13,86 миллион теңге) шамалас көлемде жұмсайды", – деп түсіндірді денсаулық сақтау министрлігі.
резидентура шетелде
Фото: Stan.kz

Осыған қарағанда, 4 миллион теңге оқу ақысы дәрігердің шамамен жеті айлық орташа жалақысына тең. Бірақ министрлік бұл шығынның нақты қанша уақытта өтелетінін есептемейді. Ведомствоның түсіндіруінше, мерзім әр дәрігердің мамандығына, жалақысына, жұмыс орнына, еңбек өтіліне және жүктемесіне байланысты жеке анықталады.

Ал оқу ақысының қымбаттауын министрлік инфляциямен, білім беру шығындарының өсуімен және 2026 жылдан бастап салықтық жүктеменің өзгеруімен түсіндірді. 2024 жылғы желтоқсан мен 2025 жылғы желтоқсан аралығындағы инфляция шамамен 12% болған.

Сонымен бірге министрлік резидентураға жыл сайын 2500 мемлекеттік грант, ал жергілікті атқарушы органдар өңірлердегі сұранысқа ие мамандықтарға қосымша 1800 грант бөлетінін хабарлады. Қазір резидентурада 6008 адам білім алып жатқаны көрсетілген. Оның 3 340-ы грантта, 1 319-ы ақылы негізде оқиды. Министрлік оқу ақысының өсуі дәрігерлер тапшылығының негізгі себебі емес деп санайды.

"Медициналық кадрларға барынша жоғары қажеттілік анестезиология және реаниматология, акушерия және гинекология, педиатрия сияқты жекелеген тапшы мамандықтар бойынша, сондай-ақ өңірге байланысты басқа да бірқатар мамандықтар бойынша сақталуда. Бұл ретте кадр тапшылығы кадрлардың жас ерекшеліктеріне қарай құрылымы, мамандардың өңірлер мен қала және ауылдық жерлер арасында бөлінуі, еңбек жағдайлары, жұмыс жүктемесі, табыс деңгейі және даярлаудың қолжетімділігі сияқты факторлардың жиынтығына байланысты. Ақылы резидентураның оқу ақысы кадр тапшылығының жалғыз немесе негізгі себебі ретінде қарастырылмайды", – деп жауап берді ведомство.

Денсаулық сақтау өкілдері әзірге ақылы резидентураның оқу ақысын субсидиялау немесе жеңілдетілген несие енгізу жөнінде нақты шешім қабылданбағанын хабарлады. Министрлік әзірше сұранысқа ие және тапшы мамандықтар бойынша мемлекеттік гранттарды көбейтуге және оларды тиімді бөлуге басымдық беріп отырғанын айтты.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 10:29