Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Polpharma Santo зауытында өндірілген дәрі алғаш рет Еуропаға экспортталды

Санто1

Polpharma Santo компаниясы Қазақстанда өндірілген ситаглиптин препаратының алғашқы партиясын ЕуроОдақ нарығына жөнелтті. Компания бұл қадамды отандық фармацевтика саласының экспорттық әлеуетін арттыру жолындағы маңызды кезең деп бағалап отыр.

Компания мәліметінше, өнімнің Еуропа нарығына шығуы – кәсіпорында жүргізілген ауқымды жаңғырту жұмыстары мен халықаралық сапа стандарттарын енгізудің нәтижесі. Өндіріс орны соңғы жылдары инвестициялық бағдарламалар аясында жаңартылып, еуропалық фармацевтикалық талаптарға сай екенін растаған.

Polpharma Santo – Еуропаға дәрі-дәрмек экспорттаған Орта Азиядағы алғашқы компания

Polpharma Santo өндірістік алаңы 2025 жылы тиісті инспекциялық тексерулерден өтіп, Еуропалық одақтың GMP сертификатын алған. Бұл құжат кәсіпорындағы өндірістік процестердің Еуропаның фармацевтика саласындағы белгіленген талаптарына сәйкестігін растайды. Осыдан кейін Қазақстанда өндірілген дәрілік препаратты ЕО нарығына жеткізуге мүмкіндік пайда болды.

Компанияның бас директоры Адам Алексеюк бұл оқиғаның кәсіпорын үшін ғана емес, Қазақстанның фармацевтика саласы үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

Санто2
"Бүгін біз Еуропаға дәрілік препараттың алғашқы партиясын ғана жөнелтіп отырған жоқпыз. Қазақстандық өндірістің әлемдегі ең талапшыл нарықтардың бірінде өз өнімін ұсына алатынын көрсетіп отырмыз. Бұл – жүздеген маманның еңбегінің, кәсіпорынды дамытуға бағытталған елеулі инвестицияның және жоғары сапа стандарттарына деген тұрақты ұстанымның нәтижесі", – деді Адам Алексеюк.

Компания басшысы кәсіпорынның экспорттық стратегиясында диабетология бағытына ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Қазір Polpharma Santo-да ситаглиптиннен бөлек, дапаглифлозин препараты да өндіріледі.

"Диабетология мәселесі бүгінде әлемнің көптеген елінде өзекті. Сондықтан біз бұл саланы стратегиялық бағыт ретінде таңдадық. Пациенттерге қажет бірнеше препаратты Қазақстанда өндіріп, олардың қолжетімділігін арттыруға жұмыс істеп жатырмыз", – деп түсіндірді ол.

Неліктен алғашқы партия Болгарияға жөнелтілді?

Қазақстанда өндірілген ситаглиптиннің алғашқы партиясы Болгарияға бағытталды. Компания бұл елді таңдаудың негізгі себебі ретінде жергілікті нарықтағы сұранысты атады.

"Болгарияны таңдауға бірнеше себеп бар. Ең алдымен, бұл елде өнімімізге сұраныс болды. Сонымен қатар препаратты Қазақстанда өндіруге қажетті мүмкіндіктер қалыптасып, өніміміздің Еуропадағы басқа өндірушілермен бәсекеге түсе алатынына көз жеткіздік. Болгария – Еуропадағы алғашқы экспорттық бағыттарымыздың бірі. Алдағы уақытта басқа да Еуропа елдерінің нарығына шығуды жоспарлап отырмыз", – деп атап өтті компания басшысы.

Болгарияға жөнелтілген алғашқы партияның көлемі – 7 800 қаптама. Компания басшысының айтуынша, фармацевтика саласында өнімді әзірлеу мен оны халықаралық нарыққа шығару бірнеше жылға созылатын күрделі процесс. Өнімді зерттеу, тіркеу, қауіпсіздігі мен сапасын растау сияқты кезеңдердің барлығынан өту қажет.

Кәсіпорын басшылығы 2026 жылғы ақпанда инвестициялық келісімге қол қойған. Оның аясында 30-дан астам инновациялық өнімді іске қосу жоспарланды. Компания бұл препараттардың бір бөлігін болашақта шетел нарығына шығаруды көздеп отыр.

Санто4

"Бізде инвестициялық келісім аясында 30-дан астам инновациялық өнім бар. Олардың экспорттық әлеуеті жоғары. Қазірдің өзінде Еуропаның басқа елдерінен бұл өнімдерге қызығушылық байқалып отыр", – деді компания басшысы.

Адам Алексеюктің айтуынша, бүгінгі алғашқы экспорт – бұған дейін атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі.

"Бір жарым жыл бұрын біз дәл осы жерде EuroGMP сертификаты туралы, өндірісті дамыту туралы айтқан едік. Бүгін сол жұмыстардың нәтижесін көріп отырмыз. Қазір алғашқы 7 800 қаптаманы жөнелттік. Алдағы уақытта мұндай тасымалдаулар тұрақты сипат алады деген жоспар бар", – деді ол.

Компания басшысы Қазақстаннан Еуропаға дәрі жөнелтудің символдық мәніне де тоқталды.

"1991 жылдан бері Батыс Еуропадан Қазақстанға жаңа дәрілер тиелген жүк көліктері келіп жатты. Бүгін алғаш рет кері бағытта – Қазақстанда өндірілген дәрі Батыс Еуропадағы пациенттерге жөнелтіліп отыр", – деді Адам Алексеюк.

Санто3

Қазақстандық пациенттер үшін де қолжетімді болады

Компания экспортпен қатар, өнімді Қазақстан нарығында қолжетімді етуге де басымдық беріп отыр. Ситаглиптин препараты мемлекеттік сатып алу жүйесіне енгізіліп, бөлшек сауда желілері арқылы сатылымғы шығарылды.

"Біздің мақсатымыз – өнімді шетелге экспорттау ғана емес, оны Қазақстандағы пациенттерге де қолжетімді ету. Қазір дистрибьюторлармен және ірі дәріхана желілерімен жұмыс істеп жатырмыз. Өнім елдің әр өңірінде қолжетімді болуы үшін тиісті жүйені қалыптастыру қажет", – деді Алексеюк.

Эндокринологтармен және диабетология саласындағы кәсіби қауымдастықтармен бірлесіп, препарат туралы медицина мамандарына ақпарат жеткізу жұмыстары жүргізіледі. 

"Дәрінің қолжетімді болуы оның дәріханада бар болуымен ғана шектелмейді. Дәрігерлерге өнім туралы ақпарат жеткізу, эндокринологтармен және диабетология саласындағы қауымдастықтармен бірлесіп жұмыс істеу де маңызды. Бұл біраз уақытты қажет етеді, бірақ біз бұл бағыттағы жұмысты Қазақстанда да, Еуропада да қатар жүргізіп жатырмыз", – деді компания басшысы.

Шара соңында өнімнің алғашқы партиясы тиелген жүк көлігі салтанатты түрде Еуропаға жол тартты. Болгарияға жөнелтілген алғашқы өнім – Polpharma Santo үшін жаңа экспорттық бағыттың бастауы. 

Назархан Уән
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 09:00