"Талағын беріп тастап кетті": Жанель Мақажан ажырасуына не себеп болғанын айтты
Актриса Жанель Мақажан некесінің бұзылуына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі туыстарымен арадағы келіспеушіліктер кезінде әйелі мен балаларына араша түспеген. Өнер иесі отбасындағы жағдай денсаулығына да әсер еткенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жанельдің сөзінше, жолдасы анасы мен айналасындағы адамдардың пікіріне еріп, отбасынан кеткен. Актриса оның көпшілік алдындағы бейнесі мен үйдегі әрекеті екі бөлек болғанын айтады.
“Күйеуің сені, бала-шағаңды өз туыстарына талатып отырса, өз отбасын шын мәнінде қорғамаса, шешесінің, жанындағы психологтарының, достарының айтқанына еріп, саған талағын беріп, отбасын тастап кетсе… Бірақ ел алдында керемет әке, жардың бейнесінде жүрсе – қиын екен”, – деп жазды ол.
Актриса бұрынғы жұбайының анасынан тәуелсіз шешім қабылдай алмағанын да алға тартты. Оның айтуынша, күйеуі шешесімен бірге өзін үйден қуған.
Өнер иесі отбасын сақтап қалуға тырысып, оған бар күшін, уақытын және қаражатын жұмсағанын жеткізді. Алайда жағдай түзеледі деген үміті ақталмаған. Сондай-ақ ол бұрынғы күйеуін опасыздық жасады деп айыптады.
“Біз, әйелдер, сенеміз ғой, барымызды береміз: энергиямызды, ақшамызды, мотивациямызды. Екі дүниенің бақытын бірге көреміз деп барыңды саласың. Сол жерде ақымақ болғаныңды түсінесің. “Бәрі керемет болады” деген аңғал үмітпен жүресің”, – деді Жанель.
Оның сөзінше, сенген адамының алдауы мен сатқындығын қабылдау ауыр болған.
Осы жағдайдан кейін актриса тұрмыс құрар алдында болашақ жардың жақындарымен қарым-қатынасына да назар аудару қажет деген тоқтамға келген. Ол жігіттің отбасы әуел бастан қарсы болса, мұны елеусіз қалдырмауға кеңес берді.
“Ерлі-зайыпты қол ұстасып, бәрін бірге жеңуге дайын болса, отбасын сақтап қалуға болады. Ал ерің отбасын емес, өз туыстарының айтқанын таңдап кетсе, одан не қайыр?” – деп жазды актриса.

Еске салайық, бұған дейін Жанель Мақажан күйеуімен екіге кеткенін тұспалдап айтқаны хабарланған еді.
