Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Еріңе сенбе, екі босағаңа сен": Жанель Мақажан күйеуімен екіге кеткенін тұспалдады

Жанель Мақажан
Фото: Instagram.com/janellemakajan

Актриса Жанель Мақажан әлеуметтік желідегі жазбасымен көпшіліктің назарын аударды. Ол төрт баласымен басқа жаққа көшкенін айтып, кейінгі уақытта басынан өткен қиындықтары туралы сөз қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жанель Мақажан “Еріңе сенбе, екі босағаңа сен” деген қазақ сөзінің мәнін енді түсінгенін жазды. Айтуынша, қазір төрт баласы жанында. Ал екі кішкентай баласы бұған дейін бір ай әкесінің қолында болған.

“Өмірде неше түрлі жағдай болады екен. Қазір мен балаларыммен басқа жаққа көштім, қиындықтар бітіп келеді. Алдағы уақытта бөлісемін”, – деп жазды актриса.

Жанель балаларымен бірге бірнеше рет көшіп, әбден шаршағанын да жасырмады. Осы жағдайдан кейін өзіне нақты мақсат қойғанын жеткізді. Ендігі жерде ол ең алдымен өзіне және Аллаға сеніп, балаларына жақсы жағдай жасауға күш салмақ.

Актриса қыз-келіншектерге де ой салатын сөз айтты. Жуырда қоғамды дүр сілкіндірген 19 жастағы Мадинаның тағдырын еске алып, әйел адамның өмірдегі бар мақсаты тұрмыс құрумен шектелмеуі керегін жеткізді.

“Қыздың өмірлік мәні – тұрмыс құру емес, бақытты өмір сүру”, – деп түйіндеді ол.

Актриса басынан өткен жағдайды кейінірек толық айтып беретінін жеткізді.

Жанель Мақажан ажырасты
Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 15:12