Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұнай бағасы күрт төмендеді: Бұған не себеп болды

Мұнай мен доллар
Фото: istockphoto.com

АҚШ пен Иран арасында келісім орнауы мүмкін деген ақпарат пен Сауд Арабиясынан мұнай жеткізілімінің бір бөлігінің қалпына келуіне байланысты мұнай бағасы төмендеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан төмендеген. Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қараша айындағы фьючерстері 2,17%-ға арзандап, барреліне 98,16 долларды құрады.

Америкалық WTI маркалы мұнайдың қараша айындағы фьючерстері 2,70%-ға арзандап, барреліне 89,87 долларды құраған.

Мұнай бағасының төмендеуіне әсер еткен негізгі фактор – Иранның АҚШ әскери қысымды азайтып, Иран порттарына қойылған блокаданы жеңілдетсе, Ормуз бұғазын жеті күн ішінде ашуы мүмкін деген ақпараттың таралуы болды.

БАҚ мәліметінше, Тегеран бұл ұсынысты делдалдар арқылы Вашингтонға жеткізген.

Бағаға Вашингтон мен Тегеран арасындағы дипломатиялық ахуалдың бәсеңдеуі де әсер еткен. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Иран президенті Масуд Пезешкианмен кездесуге дайын екенін мәлімдеген еді.

Еске салсақ, бұған дейін Сауд Арабиясының Азия елдеріне Оман арқылы қосымша мұнай жеткізуге дайын екені туралы ақпараттан кейін мұнай бағасы төмендегені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 20:16