Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда теңгенің нығаюына байланысты бюджетке түсетін қандай түсімдер азайғаны белгілі болды

қаржы экономика
Фото: magnific.com

Ұлттық экономика министрлігі ұлттық валютаның нығаюы бюджет кірістері мен салық түсімдеріне қалай әсер еткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет Қаржы және бюджет комитетінің отырысында 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды. Жиын барысында бірінші вице-министр Азамат Әмрин бұл құжатта 2027 жылға арналған кірістер болжамы бұған дейінгі үш жылдық бюджетпен салыстырғанда неге бірден 1,3 триллион теңгеге төмендетілгенін түсіндірді.

Оның айтуынша, бұған ең алдымен Каспий құбыр консорциумы (КҚК) аймағында болған дрон шабуылдарының сериясынан кейін 2026 жылғы мұнай өндіру көлемінің қайта қаралуы әсер еткен.

Өткен жылы биылғы жылға мұнай өндіру көлемін 100,5 миллион тонна деп жоспарлаған едік. Қазіргі нақты жағдайға, геосаяси ахуалға байланысты, қаңтар, ақпан және шілде айларында белгілі бір мәселелер болғанын білесіздер. Соған сәйкес мұнай өндіру көлемі 96 миллион тоннаға дейін төмендеді, – деді ол.

Мұнай өндіру көлемінің төмендеуі экспорттық түсімдерге де әсер еткен.

Мұнда тікелей әсері шамамен 200 миллиард теңге. Себебі экспорттық кедендік баж және мұнай экспорты есебінен түсетін қаражат көлемі азаяды. Жанама әсері де бар. Әсіресе батыс өңірлерде мұнай өндіру көлемі төмендеген кезде, осы салаға жақын орналасқан сервистік компаниялардың да түсімі азаяды. Бұл – жанама әсер. Үшінші әсер – осы салада жұмыс істейтін, жалақы алатын адамдардың тұтынуына байланысты. Олар да ақшасын жұмсайды. Осы әсерлердің барлығын қосқанда, мұнай өндіру көлемінің төмендеуінің өзі экономикадағы ақша көлемін 1,7 триллион теңгеге азайтады. Соған сәйкес осы сомаға түсетін салық көлемі де төмендейді, – деп түсіндірді Әмрин.

Сонымен қатар теңгенің долларға шаққандағы бағамының нығаюы импортқа салынатын қосылған құн салығын (ҚҚС) жинау кезінде түсімдердің азаюына әкелген.

Былтыр біз доллар бағамын 540 теңге деп есепке алған едік. Бүгінде бағам, меніңше, 447 теңге. Сәйкесінше, бағам да айтарлықтай әсер етеді. Бір ғана импортқа салынатын ҚҚС бойынша 90 теңгеден астам айырмашылықтың салдарынан 700 миллиард теңгеден астам қаражат жоғалады. Өздеріңіз түсінесіздер, импортталатын тауарлардың теңгедегі құны төмендеп отыр. Яғни доллармен есептегенде олардың бағасы бұрынғыдай болғанымен, теңгеге айырбастағанда бұл тауарлардың құны арзандайды, – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылы Үкімет қарызының пайыздары мен басқа да төлемдеріне 3,56 триллион теңге жұмсамақ. Ұлттық экономика министрлігі қарыз көлемі артқанымен, оның экономикаға түсіретін салмағы азайып келе жатқанын мәлімдеді.

Ислам Әден
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 14:34