Үкімет қарызы екі есе өссе де, министрлік алаңдауға негіз жоқ екенін айтты
Қазақстан 2027 жылы Үкімет қарызының пайыздары мен басқа да төлемдеріне 3,56 триллион теңге жұмсамақ. Құрылтай депутаттары бюджет жобасын талқылау кезінде бұл шығынның көптігіне назар аударып, елдің қарызына қатысты мәселе көтерді. Ұлттық экономика министрлігі қарыз көлемі артқанымен, оның экономикаға түсіретін салмағы азайып келе жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәселе Құрылтайда 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау кезінде көтерілді. Депутаттар Үкіметтің қарызы жылдан-жылға өсіп жатқанда, оны өтеуге кететін шығынның да көбейіп отырғанына назар аударды.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мемлекеттік борышты тек оның ақшалай көлеміне қарап бағалау дұрыс емес екенін айтты. Оның сөзінше, бұл ретте қарыздың ел экономикасының көлеміне шаққандағы үлесі де ескеріледі.
"2020 жылы Үкімет қарызы 16 триллион теңге болса, қазір 34 триллион теңгеге жетті, яғни 2,1 есе өсті. Бірақ осы аралықта жалпы ішкі өнім 70 триллион теңгеден 150,9 триллион теңгеге дейін немесе 2,3 есе артты. Соның нәтижесінде қарыздың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 23,6%-дан 21,8% төмендеді. Яғни қарыз ақшалай есепте көбейгенімен, экономика одан жылдамырақ өсіп отыр", – деді Әмрин.

Үкімет енді жаңа қарыз алу қажеттілігін азайтуды көздеп отыр. Ол үшін бюджет кірісі мен шығысы арасындағы алшақтықты қысқартып, бұрын алынған қарыздардың төлем мерзімдерін қайта қарау жоспарланған.
"Ең алдымен бюджет тапшылығын азайту керек. Сонда жаңа қарыз алуға деген қажеттілік те төмендейді. Бұдан бөлек, қарыздарды қайта қаржыландырамыз. Біздің міндетіміз – төлемдер бір кезеңге шоғырланып қалмайтындай етіп, қарызды өтеу мерзімдерін біркелкі бөлу", – деді вице-министр.
Демек Үкімет алдағы кезеңде жаңа қарыз алуды азайтып, бұрынғы міндеттемелер бойынша төлемдерді бірнеше жылға біркелкі бөлмек. Бұл үшін ең алдымен бюджет тапшылығын қысқарту жоспарланып отыр.