Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкімет 2029 жылға қарай бюджет тапшылығын азайтпақ

теңге
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстан үкіметі 2029 жылға қарай республикалық бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 0,4%-ына дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа бюджет кірісін арттыру, шығыстарды оңтайландыру және мемлекеттік қарыздың тұрақтылығын сақтау арқылы қол жеткізбек. Ал 2027 жылы республикалық бюджет кірісі 19,9 триллион теңге болады деп болжанған. Бұл биылғы күтілетін көрсеткіштен 2,8 триллион теңгеге көп. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құрылтай депутаттары талқылау кезінде бюджет тапшылығына қатысты болжамның бірнеше рет өзгергеніне назар аударды. 2027 жылға арналған тапшылық бұған дейін жалпы ішкі өнімнің 1,9%-ы, кейін 1,7%-ы болады деп жоспарланған. Ал жаңа бюджет жобасында бұл көрсеткіш 2,3%-ға дейін өскен.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы болжамдардың жаңа есептерге, мемлекеттік басымдықтар мен міндеттемелерге қарай жаңартылып отыратынын түсіндірді.

"Үкімет алдында бюджет тапшылығын біртіндеп азайту міндеті тұр және бұл межеге қол жеткізуге болады деп ойлаймын. Ол үшін салық салу базасын кеңейтіп, салықтық әкімшілендіруді жақсарту арқылы өз кірістерімізді арттыруымыз керек. Сонымен қатар бюджет шығыстары басым бағыттарға жұмылдырылып, артық шығындар оңтайландырылады. Тағы бір маңызды бағыт – мемлекеттік қарыздың тұрақтылығын нығайту", – деді ол.

2027 жылы бюджет кірісінің негізгі өсімі экономикадан және ҚҚС қайтаруға жұмсалатын қаражаттың азаюынан күтіледі. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің мәліметінше, экономикалық өсім қазынаға қосымша 1,6 триллион теңге әкелсе, ҚҚС қайтару көлемінің қысқаруынан тағы 1,1 триллион теңге түспек. Салық түсімдерінің басым бөлігін ҚҚС пен корпоративтік табыс салығы құрайды.

 

Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт 2027 және 2028 жылдары 2,43 триллион теңге болып белгіленген. 2029 жылы оның көлемін 2 триллион теңгеге дейін азайту көзделіп отыр.

"Мемлекет басшысы ауқымды құрылыс жүргізу бағытын белгілеп, Ұлттық қор қаражатын пайдалануға болатынын атап өтті. Алдымызда әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салудың ауқымды бағдарламасын жүзеге асыру міндеті тұр. Болжам бойынша, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылғы 65,2 миллиард доллардан 2029 жылы 70,6 миллиард долларға дейін өседі", – деді Азамат Әмрин.

Айта кетейік, 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында мұнай бағасы барреліне 70 доллар деп есептелген. Бұл қолданыстағы бюджетте белгіленген бағадан 10 долларға жоғары.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 12:35