Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұнай бағасы төмендеді: Сауд Арабиясы Азияға қосымша мұнай жеткізбек

мұнай
Фото: magnific.com

Мұнай бағасы тағы да төмендеді. Оған Сауд Арабиясының Азия елдеріне Оман арқылы қосымша мұнай жеткізуге дайын екені туралы ақпарат әсер етті. Аталған жаңалық Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай тапшылығы болуы мүмкін деген алаңдаушылықты бәсеңдетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат  агенттігі  Reuters басылымына сілтеме  жасап хабарлайды. 

Brent маркалы мұнай фьючерстері 1,24 долларға немесе 1,2%-ға арзандап, барреліне 104,59 доллар болды. АҚШ-тың West Texas Intermediate (WTI) мұнайының бағасы 1,14 долларға немесе 1,1%-ға төмендеп, барреліне 101,29 долларға түсті. Бір күн бұрын екі марканың да бағасы шамамен 3 долларға арзандаған еді. 

“Сауд Арабиясы Оман арқылы мұнай жөнелтеді” деген ақпарат тараған соң ұсыныс тапшылығына қатысты алаңдаушылық біршама бәсеңдеді”, – деді Nissan Securities Investment компаниясының бас стратегі Хироюки Кикукава.

Оның айтуынша, АҚШ пен Қытай басшыларының келесі аптадағы саммиті қарсаңында Таяу Шығыстағы шиеленіс бәсеңдеуі мүмкін деген үміт те мұнай бағасының өсуін тежеп отыр.

Reuters агенттігінің дереккөздері Сауд Арабиясы Азиядағы мұнай өңдеу кәсіпорындарына қосымша шикі мұнай көлемін ұсынғанын хабарлады. Мұнайды Оманның Сохар порты маңында “кеме-кеме” әдісімен, яғни бір кемеден екіншісіне ауыстырып тиеу жоспарланып отыр. Осы арқылы Сауд Арабиясы “Шығыс–Батыс” мұнай құбырына жасалған шабуылдардан кейін азайған мұнай жеткізілімінің орнын толтыруға тырысып жатыр.

Апта басында мұнай бағасы төрт айдағы ең жоғары деңгейге жеткен еді. Оған Янбу терминалынан мұнай жөнелтудің тоқтатылғаны және Сауд Арабиясының Еуропадағы сатып алушыларға арналған бірқатар жеткізілімнен бас тартқаны туралы хабарламалары әсер етті. Терминал жұмысы мұнай құбырына жасалған шабуылдардан кейін бұзылған.

Иран ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің шабуылдарына жауап ретінде Ормуз бұғазын бұғаттай бастаған еді. Осыдан кейін Янбу Сауд Арабиясының мұнайын экспорттайтын негізгі бағыттардың біріне айналды. Қақтығыс басталғанға дейін әлемдегі мұнай жеткізілімінің шамамен бестен бірі осы бұғаз арқылы өтетін.

Мұнай саласы мен қауіпсіздік құрылымдарындағы үш дереккөздің бағалауынша, өткен аптадағы шабуыл салдарынан “Шығыс–Батыс” құбырының екі сорғы станциясы зақымдалған. Құбыр жұмысы қашан толық қалпына келетіні әзірге белгісіз.

Сонымен қатар қақтығыс одан әрі өршуі мүмкін. 16 қыркүйек күні Иран қолдайтын хуситтер қозғалысы Йемен аумағына әуе соққыларын, ал Сауд Арабиясы қалаларына дрондар мен зымырандар арқылы шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Мұнай бағасына АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) деректері де қысым жасады. 16 қыркүйекте жарияланған статистикаға сәйкес, өткен аптада АҚШ-тағы шикі мұнай қоры шамамен 640 мың баррельге азайған.

Алайда сарапшылар қор көлемі бұдан әлдеқайда көп – 1,62 миллион баррельге қысқарады деп күткен. Қордың болжамнан аз қысқаруы мұнай бағасының одан әрі өсуін шектеген тағы бір фактор болды.

Еске салайық, бұған дейін Иран мен АҚШ арасындағы ықтимал келісімнің Қазақстан экономикасына әсері туралы материал дайындаған едік. Онда сарапшылар Иранның әлемдік мұнай нарығына оралуы мұнай бағасын төмендетіп, бұл Қазақстанның бюджеті мен теңгесіне қысым түсіруі мүмкін екенін айтқан. Сонымен қатар Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақтануы Қазақстан үшін жаңа логистикалық және экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуы ықтимал екені атап өтілген.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 19 Қыркүйек, 2026 13:13