Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Иранға салынған санкциялар толық алынса, Қазақстанда мұнай бағасы мен теңге бағамы қалай өзгереді

Иранның әлемдік мұнай нарығына қайта оралуы мұнай бағасының төмендеуіне түрткі болуы мүмкін. Ал мұнайдан түсетін табысқа әлі де тәуелді Қазақстан үшін бұл нені білдіреді? Бағаның құлдырауы теңге мен бюджетке қалай әсер етеді, ал Таяу Шығыстағы жаңа экономикалық мүмкіндіктер елге қаншалықты тиімді болмақ? Осы ретте сарапшылар Stan.kz тілшісіне Қазақстанды күтіп тұрған тәуекелдер мен мүмкіндіктерді айтып берді.

"ОПЕК+ шешімі нарықты айқындайды"

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының аға сарапшысы Рамазан Досовтың пікірінше, Иранның әлемдік мұнай нарығына толыққанды оралуы мұнай бағасына ғана емес, бүкіл энергетикалық нарықтағы күштер теңгеріміне әсер етуі мүмкін.

Рамазан Досов
Фото: Рамазан Досовтың желідегі парақшасынан

Рамазан Досов санкциялардың алынуы кейінгі жылдардағы мұнай ұсынысын арттыратын ең маңызды факторлардың біріне айналуы ықтимал деп отыр. Себебі Иран әлемдегі ең ірі мұнай қорына ие елдердің қатарында және экспорт көлемін қысқа мерзімде ұлғайтуға мүмкіндік беретін инфрақұрылымы сақталған.

"Санкциялар жеңілдеген жағдайда әлемдік нарыққа шығатын мұнай көлемі артады. Егер Иран мұнайы нарыққа көптеп шыға бастаса, мұнай арзандауы мүмкін. Бұл Қазақстан сияқты мұнай экспорттайтын елдерге қысым жасап, қысқа мерзімде теңгенің әлсіреуіне және доллардың қымбаттауына әкелуі ықтимал. Бірақ керісінше, егер әлемде саяси жағдай тұрақтанып, тәуекел азайса, онда валюта нарығы да бірқалыпты болып, ұзақ мерзімде үлкен ауытқулар азаюы мүмкін", – дейді сарапшы Рамазан Досов.

Рамазан Досовтың айтуынша, жағдайдың қалай өрбитіні бірнеше факторға байланысты.

"Атап айтқанда, санкциялардың нақты қандай шарттармен алынатыны, Иран экспортының қаншалықты жылдам қалпына келетіні, сондай-ақ ОПЕК+ елдерінің өндіріс көлеміне қатысты ұстанымы шешуші рөл атқармақ. Иранның әлемдік нарыққа толық оралуы мұнай экспорттаушы елдер арасындағы бәсекені күшейтуі мүмкін. Бірақ екінші жағынан бұл Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленісті азайтып, мұнай нарығындағы құбылмалылықты төмендетуге ықпал етеді. Мұндай жағдайда мемлекеттер инвестициялық және экономикалық саясатты анағұрлым болжамды ортада жоспарлай алады", – дейді ол.

Осы ретте Рамазан Досов Иран факторы Қазақстан үшін тағы бір маңызды сигнал болуы мүмкін екенін баса айтты. Яғни мұнай бағасына тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыру үдерісін жеделдету қажеттігі тағы да алдыңғы қатарға шығады дейді ол.

"Баға бірден емес, біртіндеп қалыпты деңгейіне оралады"

Кейінгі айларда АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынас қайтадан әлем назарын өзіне аударған еді. Тараптар ұзаққа созылған келіссөздерден кейін меморандумға қол қойып, алдағы 60 күн ішінде бірқатар мәселелер бойынша түпкілікті келісімге келуді жоспарлап отыр. Егер келіссөздер сәтті аяқталса, Иранның әлемдік мұнай нарығына толыққанды оралуына жол ашылуы мүмкін.

Бұған дейін Иранның Ормуз бұғазын жабуы немесе кеме қатынасын шектеуі туралы қауіптер әлемдік нарыққа айтарлықтай қысым түсірді. Себебі әлемде өндірілетін мұнайдың шамамен бестен бірі дәл осы стратегиялық бұғаз арқылы тасымалданады. Сондықтан Ормуз маңындағы кез келген шиеленіс мұнай бағасының күрт өсуіне, жеткізілім тізбектерінің бұзылуына және нарықтағы белгісіздіктің күшеюіне себеп болған еді. Ал қазір жағдай өзгеріп отыр. Иран Ормуз бұғазын қайта ашып, мұнай жеткізіліміне қатысты қауіптер біршама азайды. Алайда өзгерістер Қазақстан үшін қаншалықты тиімді болмақ? Мұны сарапшылардан сұрап көрдік.

Мұнай нарығындағы дүрбелең ұзаққа созылмайды дейді қаржы сарапшысы Айбар Олжай. Оның айтуынша, Ормуз бұғазының қайта ашылуы мұнай бағасын біртіндеп қалыпты деңгейге түсіреді.

"Ормуз бұғазы ашылғаннан кейін бәрі өз орнына келеді. Себебі бұғаздың ашылуы мұнай нарығындағы бағаның тұрақтануына негіз болады. Сондықтан мұнай фьючерстері барреліне 70-75 долларға (34 020-36 450 теңге) дейін түсуі керек. Менің ойымша, мұнай бағасы бірден емес, бірақ біртіндеп қалыпты деңгейіне оралады. Қазақстан экономикасы үшін мұнайдың баррелі 80 доллар (38 880 теңге) шамасында болса қолайлы. Алайда баға 60 долларға (29 160 теңге) дейін төмендеген жағдайда да ел экономикасы оған дайын. Ең бастысы,  мұнай бағасы 60 доллардан төмен түспеуі керек. Сол кезде ғана мұнайдан түсетін пайданы айтарлықтай жоғалта бастаймыз", – дейді Айбар Олжай.

Айбар Олжай биыл мұнай бағасының бюджетке айтарлықтай соққы жасамайтынын да айтады. Себебі жыл басында мұнай қымбаттаған кезеңде ел резервтеріне қосымша табыс түскен.

"Алғашқы үш айда мұнай бағасы жоғары болып, резервке қосымша кіріс әкелді. Соның есебінен белгілі бір деңгейде компенсация болады. Сондықтан биыл бюджет мұнайдан шығын көреді деп айту қиын. Оның үстіне бюджеттік есептің өзі мұнайдың баррелі 60 доллар болады деген болжаммен жасалған", – дейді сарапшы.

Айбар Олжай
Фото: Айбар Олжайдың жеке архивінен

"Ұлттық қорға айтарлықтай қауіп төніп тұр деп ойламаймын"

Оның айтуынша, мұнайдан түсетін қосымша табыс негізінен Ұлттық қорға бағытталады. Ал бюджетке кепілдендірілген трансферт көлемі алдын ала бекітілген.

"Мұнай бағасы қанша көтерілсе де, бюджетке бөлінетін кепілдендірілген трансферттің көлемі белгілі. Оған 2,7 триллион теңге арнайы бөлініп қойған. Сондықтан Ұлттық қорға айтарлықтай қауіп төніп тұр деп ойламаймын. Оның үстіне біздің Ұлттық қор мен алтын-валюта резервтері қазір жақсы деңгейде жинақталған. Біз мұндай сценарийлерге дайынбыз", – дейді Айбар Олжай.

Сарапшы теңге бағамының да белгілі бір түзетуден өтетінін жоққа шығармайды. Оның пікірінше, мұнай бағасы ұзақ уақыт 70-75 доллар дәлізінде сақталса, ұлттық валюта да өзінің нарықтық тепе-теңдігіне біртіндеп оралады.

Сонымен қатар ол Қазақстан экономикасының мұнайға тәуелділігі біртіндеп азайып келе жатқанын атап өтті.

"Әрине, біз мұнай өндіруші мемлекетпіз және негізгі экспорттық тауарымыз да – мұнай. Бірақ өңдеу өнеркәсібінің үлесі жылдан-жылға артып келеді. Шикізатты сол күйінде сатпай, оны терең өңдеуге көшу бағытында жұмыс жүріп жатыр. Қазір жаңа өндірістер мен зауыттар ашылып жатыр. Егер алдағы бес жылда осы жобалар толық іске қосылса, әлемдік шикізат бағасына тәуелділік те айтарлықтай азаяды", – дейді ол.

"Қазақстан Каспий құбыр консорциумы бағытына тым тәуелді болып қалған"

Дегенмен сарапшы алдағы 6-12 айдағы басты қауіп мұнай бағасында емес, экспорттық инфрақұрылымда екенін айтады.

"Негізгі тәуекел – соғыстың одан әрі ушығып, Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумы (КТК) жүйесінің зардап шегуі. Қазақстан мұнайының негізгі бөлігі осы бағыт арқылы экспортталады. Сондықтан инфрақұрылымға төнетін қауіп бүгінде ең маңызды тәуекелдердің біріне айналып отыр", – дейді Айбар Олжай.

Осы пікірмен Public Policy Research Center директоры әрі қаржы сарапшысы Меруерт Махмутова да келіседі. Оның айтуынша, Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80%-ы КТК бағытына тәуелді болғандықтан, құбыр жүйесіндегі кез келген іркіліс ел экономикасына елеулі соққы болуы мүмкін. Меруерт Махмутова Қазақстанның Каспий құбыр консорциумы (КТК) бағытына тым тәуелді болып қалғанын айтады. Ол таяуда құбыр желісінің кей бөліктері зардап шеккенін еске салып, оның қауіпсіз жұмыс істеуі көптеген сыртқы факторларға байланысты екенін атап өтті.

"Біріншіден, Қазақстан мен Украинаның халықаралық қарым-қатынасы маңызды. Екіншіден, КТК жобасына қатысатын америкалық акционерлердің, соның ішінде "Теңізшевройлдың" мүддесі бар. Сондықтан Украина КТК инфрақұрылымын толықтай нысанаға алмайды деген үміт бар. Қазақстан бүгінде мұнайын Жапонияға жеткізуді ұсынып отыр. Германияға да жылына шамамен 2,5 миллион тонна мұнай жөнелтіледі. Алайда бұл бағыттардың мүмкіндігі шектеулі. Оның үстіне Ресей Германия бағыты бойынша экспортқа қатысты шектеулер енгізген жағдайлар болды. Сондықтан басқа бағыттар КТК-ның орнын баса алмайды. Біздің мұнай экспортымыздың шамамен 80 пайызы КТК-ға тәуелді. Егер осы бағыт толық тоқтаса немесе істен шықса, Қазақстан экономикасына орны толмас соққы болуы мүмкін", – дейді сарапшы.
Меруерт Махмутова
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Айта кетейік, Иран мұнай қоры бойынша әлемдегі алдыңғы үштіктің қатарында. Сондықтан Иранның әлемдік мұнай нарығына қайта оралуы мұнай бағасына қысым жасап, оның арзандауына ықпал етіп отыр.

"Иранның Ормуз бұғазынан Қазақстанға жер берілді"

Осыған қарамастан, Меруерт Махмутова мұнай бағасының төмендеу тәуекелін толық жоққа шығармайды. Оның айтуынша, Қазақстан 60 долларлық сценарийге дайын болғанымен, мұнайдан түсетін кірістің азаюы бюджет пен ұлттық валютаға қосымша қысым түсіруі мүмкін.

"Былтыр республикалық бюджет қабылданғанда мұнайдың бір баррелі 60 доллар деңгейінде болады деп жоспарланған еді. Ал Ұлттық банктің соңғы болжамдары мұнай бағасының одан да төмендеу қаупін көрсетіп отыр. Әрине, мұнай бағасы бір күнде құлдырап кетпейді. Себебі нарықта ұзақмерзімді келісімшарттар бар. Соған қарамастан, биыл мұнай бағасы барреліне 75 долларға дейін төмендеуі мүмкін деген болжам жасалып отыр. Үшінші тоқсанда айтарлықтай өзгеріс болмауы ықтимал, алайда төртінші тоқсанда баға 60 доллар шамасына дейін түсуі ғажап емес. Жыл басынан бері бюджет мұнайдан күткен кірісті толық ала алмай отыр. Егер бюджет кірісі жоспарланған деңгейден төмен болса, бұл теңгенің әлсіреуіне алып келуі мүмкін. Өйткені Қазақстан экономикасы мен бюджетінің мұнайға тәуелділігі әлі де жоғары", – дейді Меруерт Махмутова.

Қаржы сарапшысы Меруерт Махмутованың пікірінше, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың жақын арада толық шешілуі екіталай. Оның айтуынша, АҚШ пен Иран арасында белгілі бір келісімдер мен меморандумдарға қол қойылып жатқанымен, өңірдегі жағдайға Израильдің ұстанымы да тікелей әсер етеді.

Сарапшының сөзінше, Иранның Қазақстанға Ормуз бұғазы маңынан жер телімін беруі жаңа логистикалық мүмкіндіктер туралы әңгімелерді күшейткен. Атап айтқанда, Ақтау мен Құрық порттарын Парсы шығанағымен байланыстыратын жаңа бағыттардың пайда болуы мүмкін деген болжамдар айтылып жүр. Алайда әзірге бұл бастамалардың нақты экономикалық тиімділігі мен іске асу мерзімі белгісіз күйінде қалып отыр дейді ол.

Махмутова мұндай жобалардың геосаяси маңызы жоғары болғанымен, олардың Қазақстан экономикасына беретін нақты пайдасы уақыт өте келе ғана анықталатынын атап өтті.

Сонымен қатар ол Ресей мен Украина бір-бірінің мұнай өңдеу және жанар-жағармай инфрақұрылымына соққы жасап жатқанын еске салды. Мұндай жағдайда екі елдің ішкі нарығында жанар-жағармай тапшылығы туындауы ықтимал. Сол тапшылықты жабу үшін олар Қазақстан нарығына немесе Қазақстан арқылы өтетін жеткізу тізбектеріне назар аударуы мүмкін дейді Меруерт Махмутова.

"Біз экономикалық тұрғыдан Ресеймен тым тығыз байланып қалдық. Валюта, сауда, мұнай мәселелерінің басым бөлігі осы елдегі жағдайға тәуелді. Сондықтан Қазақстан үшін тәуекел тек мұнай бағасының құлдырауында емес, көрші елдердегі геосаяси және экономикалық тұрақсыздықтың біздің экономикаға тікелей әсер етуінде болып отыр", – дейді Меруерт Махмутова.
Айым Атамбаева
Жұма, 19 Маусым, 2026 09:00