"Кінәсі анықталмай тұрып, айыптамаңыздар": Каспийдегі трагедиядан кейін шендінің қызы үндеу жасады
Желіде Каспийдегі әскери қызметкерлер қаза тапқаннан кейін ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасарының қызы ретінде таныстырған азаматтың үндеуі тарады. Ол қаза болғандардың отбасынан кешірім сұрады. Сосын қоғамнан тергеу аяқталғанша түпкілікті қорытынды жасамауды сұрады. Сонымен қатар құқық қорғау органдарынан істің барлық мән-жайын анықтауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол бұл жазбаны жазу не жазбау туралы ұзақ ойланғанын айтты.

“Бұл жазбаны әлеуметтік желідегі біреу ретінде емес, қыз ретінде жазып отырмын. Ақтаудағы әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиғадан кейін ұсталған әскери қызметкернің қызымын. Әкем – Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары”, – деп жазды ол.
Ол ең алдымен қаза болған әскери қызметкерлердің отбасына көңіл айтып, кешірім сұрады.
“Қайғыларыңызды жеңілдететін қандай сөз барын білмеймін. Әрбір әскери қызметкердің жатқан жері жайлы болсын. Бірақ сіздерден тергеу аяқталғанша түпкілікті қорытынды жасамауды сұраймын. Менің әкем – әскери қызметкер. Ол өзінің қызметтік міндетін атқарып, жоғары тұрған басшылықтың бұйрықтары аясында әрекет етті”, – деді ол.
Оның айтуынша, әскери қызмет қатаң иерархияға негізделген және берілген бұйрықтарды елемеу мүмкін емес.
Қыздың пікірінше, шешімдер әртүрлі деңгейде қабылданады. Сондықтан нақты шешімдерді кім қабылдағанын, бұйрықты кім бергенін және әскери қызметкерлердің қауіпсіздігіне кім жауапты болғанын анықтау маңызды.
“Бірақ сіздерден сұрарым: жай ғана орындаушы болған немесе командалық тізбекте тұрған адамдарды емес, кінәлілердің өзін жазалаңыздар. Әкем өзіне жүктелген міндетті орындағаны үшін оны негізгі кінәлілердің орнына жауапты етіп көрсетпеуді сұраймын. Тергеу барысында қай бұйрықты кім бергені, негізгі шешімдерді кім қабылдағаны, оқу-жаттығуды ұйымдастыруға және әскери қызметкерлердің қауіпсіздігіне кім жауапты болғаны анықталуы керек. Әр адам қабылдаған шешімі мен жасаған әрекеті үшін өзі жауап берсін”, – деп жазды ол.
“Әкем үшін қорқамын”
Автор әкесіне алаңдайтынын айтып, әділ тергеу жүргізуді сұрады.
“Мен үшін әкем – жай ғана лауазымды тұлға немесе қылмыстық іс бойынша аты аталған адам емес. Ол – Отанға қызмет етіп, өз міндетін атқарып жүрген жан. Қазір оның тағдырына қатты алаңдап отырмын. Сондықтан сіздерге осы үндеуді жолдап отырмын. Бұл жазбаны қолдап, оның кеңірек таралуына көмектесіңіздер. Мен тек әділ тергеу жүргізілгенін қалаймын. Кінәлілер жазасын алсын. Ал кінәсіз адам өзгенің шешімі үшін жазаланбасын”, – деп жазды ол.
Жазба соңында қыз қаза болған әскери қызметкерлердің отбасына тағы да көңіл айтты.
Қазақстандықтар не деді?
Желі қолданушыларының арасында қыздың үндеуін қолдағандар да болды.
“Біз әкеңіздің орындаушы екенін түсінеміз, тергеу әділ жүргізіледі деп үміттенеміз!”, “Әскери адамның қызы ретінде бұл жағдайдың ішкі қыр-сырын жақсы білемін, әкеңіз үшін алаңдап отырғаныңызды түсінемін. Сабыр сақтаңыз. Отбасыңызға күш-қуат тілеймін. Бәрі әділ шешілсін”, – деп жазды олар.
Ал өзге пікір білдірушілер “лауазым мен басшылық алдындағы қорқыныштан адам өмірін жоғары қою керек” екенін айтып, ешбір сөз қаза болған 14 адамның өмірін қайтара алмайтынын жазды. Олар істің барлық мән-жайы анықталып, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті.
Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажет сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
"Әскерден келген соң үйленеміз деп еді": Каспийде қаза тапқан сарбаздардың жақындары жанайқайын жеткізді