Оңтүстік Кореяда алаяқтарға алданған қазақстандық анасы мен ұлының мәйіті табылды
Оңтүстік Кореяда телефон алаяқтарының арбауына түсіп, шамамен 17 миллион теңгесінен айырылған 20 жастағы жігіт пен оның анасының денесі табылды. Қайғылы оқиғадан кейін алаяқтардың Қазақстанда отырып әрекет еткені анықталды. Енді Қазақстанда кореялық полиция департаментін ашу ұсынылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The JoongAng басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 20 маусымда Оңтүстік Кореяның Чхунбук провинциясындағы Ымсон уезінде болған. Полиция мәліметінше, отбасы ұзақ уақыт бойы қаржылық қиындық көрген. Оқиға орнынан табылған хатта жігіттің телефон алаяқтарының кесірінен қиындыққа тап болғаны жазылған. Тергеу барысында жігіттің қайғылы оқиғаға дейін телефон алаяқтарына алданып, шамамен 50 миллион воннан (17 миллион теңгедей) айырылғаны анықталды. 6 маусымда жігіт Сеул полициясына жүгінген. Арада екі апта өткен соң оның және анасының мәйіті табылған. Тергеу барысында ұрланған ақшаның шетелдік криптовалюта биржасы арқылы аударылғаны анықталды.
Алаяқтар оған өздерін прокурор ретінде таныстырып хабарласқан. Олар жігіттің аты қылмыскерлер пайдаланатын жалған банк шоттарына қатысты іске тіркелгенін айтып, тергеу жүріп жатқанын жеткізген. Содан кейін одан жақын маңдағы мотельге көшіп, басқа адамдармен байланысын үзуді талап еткен. Жігіт мотельге барған соң, алаяқтар оны бөлмеден шықпауға және ешкіммен сөйлеспеуге көндірген. Кейін оның мүлкін тексеру қажет деген сылтаумен ондаған миллион вонға криптовалюта сатып алып, өздері көрсеткен электронды әмиянға аударуды тапсырған. Осылайша олар жігітті сыртқы ортамен байланысын үзуге мәжбүрлеген. Бұл әдіс "өзін-өзі оқшаулау" деп аталады.
Полицияның мәліметінше, қылмыстық топ құрбандарын кездейсоқ таңдамаған. Олар заңсыз жолмен алынған жеке деректер базасынан 20–30 жас аралығындағы адамдардың телефон нөмірлерін тауып, соларға хабарласқан. Осы оқиғадан кейін Сеул қалалық полициясы тергеу жүргізген. Тәртіп сақшылары анасы мен баласына қатысты істе қолданылған алаяқтық тәсілдердің Қазақстанда жұмыс істеген телефон алаяқтары тобының әдістерімен бірдей екенін анықтаған. Сондықтан өткен айдың 19-ы күні істі осы топтың қызметін тергеп жатқан Пусан қалалық полиция басқармасына тапсырған.
Полицияның анықтауынша, Алматыда жұмыс істеген бұл қылмыстық топ 2026 жылғы наурыз-маусым аралығында 100-ден астам адамды алдап, жалпы 5,8 миллиард вон (шамамен 2 миллиард теңге) жымқырған. Алаяқтар адамдарға психологиялық қысым көрсетіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтып қорқытқан. Сондай-ақ оларды жақындарынан оқшаулаған.
Шілдеде Қазақстан мен Оңтүстік Корея құқық қорғау органдары бірлескен операция жүргізіп, Алматыда топтың 14 мүшесін ұстаған. Тағы бес адам Корея аумағында қолға түскен. Топты басқарған Қытай азаматына халықаралық іздеу жарияланған.
Қазақстанда ұсталған күдіктілер 28 шілде мен 5 тамыз аралығында Кореяға жеткізілді. Барлығы 19 күдікті қамауда отырып, прокуратураға тапсырылды.
Бұл алаяқтар Қазақстанға Комбоджодан келген
Соңғы уақытта телефон алаяқтары полицияның қысымынан қашып, Камбоджадан басқа елдерге көшіп жатыр. Мамандар бұл құбылысты "шар әсері" деп атайды. Яғни бір елде қылмыстық топтарға қарсы күрес күшейсе, олар басқа мемлекетке көшіп, сол жерде жұмысын жалғастырады. Анасы мен баласының өліміне қатысы бар топ та осындай жолмен әрекет еткен. Олар 2024 жылдың қазанында Камбоджада алғаш рет байланыс орталығын ашқан. Кейін әр үш ай сайын Таиланд пен Вьетнам сияқты көрші елдерге көшіп отырған. Биыл Қазақстанға келген. Қазақстанда былтыр мұндай жағдай тіркелмесе, биыл 16 күдікті қолға түскен.
Полиция қызметкерінің айтуынша, Қазақстанда виза алу салыстырмалы түрде оңай әрі ел Қытайға жақын орналасқан. Сондықтан қылмыскерлерге құрлық арқылы басқа мемлекетке өтіп кету ыңғайлы. Бұған қоса, Қазақстанда Оңтүстік Корея полициясының қызметкерлері болмағандықтан, алаяқтарға қылмыс жасау жеңілдеген.
Қазақстанда 23 жылдан бері тұратын Оңтүстік Корея азаматы А есімді тұрғын да соңғы уақытта күмәнді жағдайларды байқағанын айтқан. Оның сөзінше, биыл корейлер жиі баратын орындарда қолма-қол ақша ұстайтын жастар көбейген. Сондай-ақ кейбір корей азаматтарының ірі көлемдегі ақшаны айырбастауды сұрағанын жиі көрген.
Қазақстанда кореялық полиция бөлімшесін ашу ұсынылды
Алаяқтар Камбоджадан басқа елдерге көшіп жатқанымен, Оңтүстік Кореяның шетелдегі қауіпсіздік шаралары мұндай өзгерістерге дайын болмай шыққан. Осыған байланысты елде қауіпсіздік инфрақұрылымын күшейту қажеттігі айтылып жатыр.
Қазір Камбоджада Оңтүстік Кореяның 13 полиция қызметкері жұмыс істейтін арнайы топ бар. Ал алаяқтар жаңа база ретінде таңдап отырған Орталық Азияда жағдай өзгеше. Бұл өңірде тек Өзбекстанда ғана Оңтүстік Кореяның бір полиция қызметкері жұмыс істейді.
Сондықтан Қазақстандағы корей ұйымдары тамызда тергеу органдарымен бірлесіп жұмыс істейтін "Корей бөлімшесін" ашу туралы өтініш берген. Оңтүстік Корея полициясы да Қазақстанда полиция бөлімшесін ашу жөнінде Сыртқы істер министрлігіне ресми ұсыныс жолдаған.
Пэксок университетінің полиция зерттеулері кафедрасының профессоры Ли Гон Соның айтуынша, Камбоджадағы полиция қысымынан қашқан қылмыстық топтар басқа елдерге таралып, алаяқтықтың күрделі тәсілдерін қолдана бастаған.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға алаяқтардың жаңа тәсілінен сақ болу ескертілген еді. Олар енді ЖИ арқылы жаңа шаш үлгісі мен макияж жасауды ұсынуға көшкен.
