Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда екі "Гелендвагенмен" жолда жарысқан жүргізушілерді полиция ұстады

полиция

Фото: скриншот

Әлеуметтік желіде Алматы көшелерінде екі Mercedes-Benz G-Class көліктері  жүргізушілерінің жолдағы өзге көліктерге қауіп төндіріп, қауіпсіздік талаптарын елемеген видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желіде тараған видеоға Алматы қаласының полициясы назар аударып, көлік жүргізушілерін анықтаған. Екі жүргізуші де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаға әкімшілік полицияның іздестіру бөлімшесі жедел ден қойды. Тексеру барысында екі көліктің де жүргізушісі анықталды. Олар – Алматы қаласының 20 және 23 жастағы тұрғындары. Екеуінің де қауіпсіздік белдігін пайдалану талаптарын бұзғаны және жолдағы басқа адамдарға қауіп төндіретін маневрлер жасағаны белгілі болды. Осы заңбұзушылықтары үшін жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады Алматы қаласының полиция департаменті.

Полиция әлеуметтік желіде жарияланған құқықбұзушылықтар да назардан тыс қалмайтынын ескертті.  

Сондай-ақ ведомство жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды. Полиция жолды жарыс алаңына айналдыруға болмайтынын және әр жүргізуші өзімен бірге өзге адамдардың да қауіпсіздігіне жауапты екенін тағы бір мәрте еске салды.

Еске салсақ, 21 наурызда Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында үш адамның өмірін қиған жол апаты болғанын жазған едік. Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ал Zeekr жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

 

 

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 11:49