ЖИ арқылы жаңа шаш үлгісі мен макияж жасауды ұсынады: Қазақстандықтарға алаяқардың жаңа тәсілінен сақ болу ескертілді
Алаяқтар енді адамдарды жасанды интеллект арқылы жаңа образ жасап көруге қызықтырып, ақшасын жымқырудың жолын тапқан. Олар шаш үлгісі мен макияж таңдап беретін тегін бағдарлама жазғызып, жұрттың деректерін оңай алып жатыр. Құқық қорғаушылар осы тәсілге алданбас үшін жұртшылықты сақ болуға шақыруда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы жаңа алаяқтық схеманың таралуы туралы ескерту жасады.
Орталықтың мәліметінше, шетелде алаяқтар шаш қию үлгісін, шаш сәндеу тәсілдерін, макияж бен тұтас образды таңдауға көмектесетін тегін жасанды интеллект сервистерінің атын жамылып жүр. Мұндай қызметтерді пайдалану үшін адамға арнайы сілтеме арқылы қосымша жүктеп алу ұсынылады.
Алайда смартфонға орнатылатын бағдарлама уәде етілген ЖИ-стилист емес, зиянды қосымша болып шығады. Ол алаяқтарға құрылғыға қашықтан қосылып, оның кейбір функцияларын басқаруға мүмкіндік береді.
Соның салдарынан қылмыскерлер телефондағы жеке ақпаратты көріп, құпия деректерге қол жеткізуі мүмкін. Сондай-ақ банктік қосымшалар мен басқа да қаржылық сервистерді пайдаланып, адамның ақшасын ұрлау қаупі бар.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар адамдардың жасанды интеллектке деген қызығушылығын өз пайдасына жаратып отыр. Жаңа технологияны байқап көргісі келген қолданушылар фотосуреттерін жүктеп, тегін қызмет ұсынып тұрған қосымшаларды тексермей орнатуы мүмкін. Алаяқтар дәл осы сенім мен қызығушылықты пайдаланады.

Алаяқтардың тұзағына түспеу үшін не істеу керек?
Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы күмәнді қосымшалардан сақтану үшін бірнеше кеңес берді.
Мамандардың ұсынысы бойынша:
- қосымшаларды тек Google Play, App Store және құрылғы өндірушісі ұсынған ресми дүкендерден жүктеу керек;
- жарнамаларда, хабарламаларда немесе белгісіз сайттарда берілген сілтемелер арқылы қосымша орнатпаған жөн;
- қосымшаны жүктемес бұрын оның атауын, әзірлеушісін, ресми сайтын, қолданушылардың пікірлері мен жарияланған күнін тексеру қажет;
- орнату кезінде қосымша сұрайтын рұқсаттарға мұқият назар аудару керек;
- телефондағы қорғаныс құралдарын өшіруді талап ететін бағдарламаларды орнатпау қажет;
- белгісіз сервистерге банк картасының деректерін, құпия сөздерді және SMS немесе push-хабарламалар арқылы келген растау кодтарын енгізуге болмайды;
- бейтаныс қосымшаларға банктік сервистерге, хабарламалар мен хабарландыруларға қол жеткізуге рұқсат бермеу керек;
- смартфонның операциялық жүйесін үнемі жаңартып, зиянды бағдарламалардан қорғайтын құралдарды пайдалану қажет.
Орталық өкілдері кез келген қосымшаны орнатпас бұрын оның қайдан жүктеліп жатқанына көз жеткізуге шақырады. Мамандардың ескертуінше, сырт келбетті өзгертуге көмектесетін тегін қызметтің артында жеке деректер мен қаржыны иемденуді көздейтін алаяқтар тұруы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйелге алаяқтар фотосы арқылы 35 миллион теңге несие рәсімдеп тастаған
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма