Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев жемқорлықпен күресте "өзіміздікі" және "бөтен" деп бөлінбейтінін мәлімдеді

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен "Қазақстан темір жолы" басшыларының ұсталуына байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы жемқорлыққа қатысты барлық ақпарат мұқият тексеріліп, ешкімге ерекше жағдай жасалмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде Тоқаев соңғы үш жылдағы жемқорлық құқықбұзушылықтарының статистикасын жариялады.

"2023-2025 жылдар аралығында барлығы 3 168 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы анықталды. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер, қалғанын басқа тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған. Келтірілген жалпы сома 248 миллиард теңгеден асады", – деді президент.

Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы 10 айында жемқорлық сипатындағы 751 құқықбұзушылық тіркелген.

Соның 546-сын мемлекеттік қызметкерлер, ал 205-ін басқа тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор өкілдері жасаған.

"Көріп отырғанымыздай, жемқорлыққа қатысты жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бірақ біз түйеқұс сияқты басымызды құмға тығып, қоғамнан ештеңені жасырмаймыз. Бұл саладағы жағдайды да, жемқорлықты ауыздықтау үшін қабылданған және қабылданып жатқан шараларды да ашық айтамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, түрлі деңгейдегі басшыларға қатысты жемқорлық туралы барлық ақпаратты ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Бас прокуратураның қатысуымен жедел әрі мұқият тексереді.

"Өзіміздікі", "онша өзіміздікі емес" және, әсіресе, "бөтен" деп бөлу болмайды. Конституциямызда барлық азаматтың заң алдында тең екені бекітілген. Біз осы талапты орындауымыз керек", – деп атап өтті президент.

Еске салайық, 12 қарашада ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отаншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын растады. ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы туралы өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Айым Атамбаева
Жұма, 13 Қараша, 2026 16:05