Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Нұртас тұсауын кесті: Блогер Елдос Колобок он жыл күткен ұлына дүркіретіп той жасады

Елдос Колобок отбасымен
Фото: Instagram.com/eldos_kalabok

Көпшілікке Елдос Колобок лақап атымен танымал блогер әрі асаба Елдос Қадырханов он жыл күткен тұңғышы Әлемнің бір жасқа толуын дүркіретіп атап өтті. Таразда өткен тойға қазақ эстрадасының жұлдыздары мен танымал блогерлер жиналды. Ал кішкентай Әлемнің тұсауын әнші Қайрат Нұртас кесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елдос Қадырханов пен жары Таңшолпан 12 қарашада ұлдарының бір жасқа толуына орай үлкен той ұйымдастырды. Қуанышқа ортақтасуға Қарақат Әбілдина, Қыдырәлі Болманов, Жазира Байырбекова, Жанболат Ербатыров, Ләйлә Сұлтанқызы және өзге де танымал тұлғалар келді.

“Аллаға шүкір, осы күнге жеттік! Әлем баламыздың бір жас және тұсаукесер тойы. Тілеулес болған жандарға мың алғыс! Баршаңызға жұғысты болсын”, –  деп жазды блогер әлеуметтік желідегі парақшасында.

Тойдың әсерлі сәттерінің бірі өнер иелерінің бүлдіршін мен ата-анасын қонақтар алдына алып шығуы болды. Әнші Қарақат Әбілдина өзінің “Келші, келші, балашым” әнін орындап, көпшілікті ерекше әсерге бөледі. 

Ал Әлемнің тұсауын кесу мәртебесі Қайрат Нұртасқа бұйырды. Әнші баланың тұсауын кескеннен кейін бүлдіршін алғашқы қадамдарын жасады. Ал алдына қойылған түрлі заттардың арасынан футбол добын таңдады. Елдос Қадырханов ұлының тұсауын неліктен Қайрат Нұртасқа кестіргенін де түсіндірді.

“Қайрат Нұртас ағасындай басынан бағы таймайтын легенда болсын деп ниет еттік. Қадамы құтты болсын деп тілек білдіріп қойыңыздар”, – деп жазды ол.

“10 жылда ажырасуға он түрлі себеп болса, қосылуға миллион себеп бар”

Той барысында Елдос Қадырханов жары Таңшолпанға ерекше алғыс білдірді. Ол отбасылық өміріндегі қиындықтарды жасырмай, осы күнге жетуіне жұбайының қолдауы үлкен себеп болғанын айтты.

“Он жылда ажырасуға он түрлі себеп болса, қосылуға миллион себеп бар. Бұл жерде отырғандар мені ақкөңіл, отбасына жақын, романтик адам деп ойлап жатады. Бірақ менің екінші жағым да бар. Қырсықпын, ашуланшақпын, мінезім ауыр. Сіздер менің ол мінезімді анда-санда көрсеңіздер, отбасым, яғни жарым мен анам күнде көреді”, – деді блогер.

Сондай-ақ ол он жыл бойы қандай қиындық болса да жанынан табылған жарына ризашылығын жеткізді.

“Танчо, он жыл бойы әрдайым қолдаушым болдың. Мен қанша рет қолымды сілтеген кезде “Қойыңызшы, бәрі болады” деп демеп отырдың. Келіншегім, рақмет саған! Мінсіз адам жоқ. Әр адамның жақсы жағы да, кемшілігі де болады. Дегенмен мен ризамын. Рақмет, осы күнге бірге жеттік. Ата-анамыздың батасы, ел-жұрттың тілегі, бауырларымыз бен жақындарымыздың қолдауы, сенің демеуіңнің арқасында қазір ұлыммен күліп-ойнап жүрмін. Енді ұлымыздың қызығына тоймай жүре берейік”, – деді ол.

Тойға арнайы келген тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы да бүлдіршінге ақ тілегін арнады. Оның айтуынша, Елдос бірнеше ай бұрын хабарласып, Әлемнің тұсаукесеріне шақырған.

“Елдос бірнеше ай бұрын “Әлемді жетектейсіз, осы күні бос болыңыз. Таразда күтеміз” деп ескертіп қойған. Дәл қазір үлкен жоба түсіріп жатырмыз. Бәрін тастап, Әлем Елдосұлының тұсаукесеріне асықтым. Менің жүрегімнен ерекше орын алатын бала. Халық болып күткен Әлем ел азаматы болғай! Осындай кеңпейіл, қолы ашық ата-анадан тараған ұрпақ жаман болмас. Артынан бауырлары ере берсін!” – деп жазды тележүргізуші.

Елдос пен Таңшолпан ұлдарының қуанышына ортақтасқан құрметті қонақтарға бағалы сыйлықтар да тарту етті. Атап айтқанда, Әлемнің тұсауын кескен Қайрат Нұртасқа ақшалай сыйлық пен Louis Vuitton сән үйінің бұйымы табысталды. Ал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызына гауһар тастармен әшекейленген зергерлік бұйымдар жиынтығы сыйға берілді.

Әлеуметтік желі қолданушылары ерлі-зайыптыны көптен күткен қуанышымен құттықтап, Әлемнің қадамына ақ жол тіледі. 

Еске салайық, былтыр 12 қарашада блогер Елдос Колобок алғаш рет әке атанғаны хабарланған еді. Кейінірек ол ұлымен алғаш кездескен сәтін жариялап, жұртты жылатты. Ал күні кеше блогер бір жасқа толған ұлының жүзін алғаш рет көрсетті.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 13 Қараша, 2026 13:55