Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанмен байланысы бар хакерлер Тәжікстанның 2 мыңнан астам құжатын ұрлаған

хакерлер
Фото: magnific.com

Қазақстанмен байланысы бар хакерлер тобы Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатысты 2 мыңнан астам құжатты ұрлау үшін жасанды интеллектіні пайдаланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CloudSek киберқауіпсіздік компаниясының есебіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанмен байланысы бар хакерлер тобы жасанды интеллектіні пайдаланып, Тәжікстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатысты 2 мыңнан астам құжатты ұрлаған. 

Сингапурде орналасқан CloudSek компаниясының мәліметінше, хакерлер Hermes деп аталатын автономды жасанды интеллект агенттеріне арналған ашық бағдарламалық платформаны пайдаланған. Олар шабуылдарды жоспарлау, бағдарламалық код жазу, жүйеге кіру және ұрланған құжаттарды реттеу жұмыстарын жасанды интеллектіге тапсырған.

Зерттеушілер хакерлердің әрекетін тамыз айының ортасынан бастап байқаған. Бірнеше аптадан кейін олар Тәжікстанның электрондық құжат айналымы жүйесіне кіріп, файлдарды жүктеп алуға арналған арнайы бағдарлама жазған.

CloudSek мәліметінше, шабуылды "Silent Lynx" деп аталатын, Қазақстанмен байланысы бар топ жасаған. Бұған хакерлердің орыс тілінде сөйлесуі, Қазақстанның жұмыс уақытына сәйкес әрекет етуі және Қазақстандағы үй интернеті арқылы серверге қосылуы дәлел ретінде келтірілген.

Reuters агенттігі Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік органдарынан түсініктеме сұрағанымен, олар әзірге жауап бермеген. Хакерлер тобының өзімен де байланысу мүмкін болмаған.

Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Кореямен байланысы бар TraderTraitor хакерлік тобы да ірі криптовалюта ұрлықтарына қатысы бар деген күдікке ілінген. Атап айтқанда, 2025 жылдың ақпанында Bybit криптобиржасынан шамамен 1,5 миллиард доллар ұрланған. АҚШ Федералдық тергеу бюросы бұл кибершабуылдың артында Солтүстік Корея хакерлері тұрғанын мәлімдеген.

Айым Атамбаева
Жұма, 13 Қараша, 2026 14:42