Ресей арқылы көмір тасымалы қысқарды: Қазақстан 470 миллион долларға дейінгі экспорттан қағылуы мүмкін
Ресей арқылы Еуропаға көмір жеткізу күрт азайған. Сауда сарапшысы Ернар Серіктің бағалауынша, жыл соңына дейін экспортталмай қалуы мүмкін 3,5 миллион тонна көмірдің құны 400–470 миллион долларға жетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сарапшының мәліметінше, Балтық порттарына Ресей арқылы жеткізілген қазақстандық көмір көлемі тамыздағы 1 миллион тоннадан қазанда 30 мың тоннаға дейін түскен. Ресей теміржолы қазан мен қарашада осы бағыттағы көмір транзитіне берілген өтінімдердің ешқайсысын мақұлдамаған.

Салыстыру үшін, 2025 жылы Ресей арқылы 11,7 миллион тонна қазақстандық көмір тасымалданған. 2026 жылдың алғашқы жартысында транзит көлемі тағы 20%-ға өскен. Ернар Серік шектеуге Ресейдегі көмір өндірушілер өз өнімін Балтық порттарына бұрғаны себеп болуы мүмкін деп есептейді.
Басқа бағыттарда да қиындық бар: Тамань порты арқылы көмір жөнелту тамыздан бері тоқтаған, ал Усть-Луга портында қарашада тасымал мүмкіндігі қысқарған. Көмірді тасымалдау құны 2,5 есе өсіп, тоннасына 19,8 долларға жеткен. Каспий арқылы немесе шығысқа қарай бағыттайтын балама жолдар бар, алайда олардың өткізу мүмкіндігі шектеулі әрі логистикасы қымбат.
Айта кетейік, бұған дейін Электр энергетикасы қауымдастығы газ бен көмір қымбаттаса, электр станцияларының тарифін де қайта қарауға мүмкіндік беру керек деп мәлімдеген. Қауымдастық төрағасы Талғат Темірхановтың айтуынша, 2026 жылы кей өңірлерде газ бағасы 65%-ға дейін өскен, ал станциялардың газ жеткізушілер алдындағы берешегі тамызда 71,9 миллиард теңгеге жеткен.