Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалімді қандай әрекеті үшін жұмыстан шығаруға болады? Конституциялық сот түсініктеме берді

мұғалім
Фото: magnific.com

Қазақстанда мұғалімді "әдепсіз әрекет жасады" деген себеппен жұмыстан шығаруға қатысты мәселе қаралды. Конституциялық сот мұндай әрекеттің нақты тізімін жасау мүмкін емес екенін айтты. Әр жағдай жеке қаралып, мұғалімнің әрекетіне нақты мән-жайға қарай баға берілуі керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Конституциялық сот Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтінішті қарады. Аталған норма тәрбие функцияларын атқаратын қызметкерді жұмысты жалғастыруға үйлеспейтін аморальдық теріс қылық жасағаны үшін еңбек шартын бұзуға мүмкіндік береді.

Өтініш беруші мектептің педагогикалық әдеп жөніндегі кеңесінің шешімі негізінде жұмыстан босатылған. Жұмыстан шығарумен келіспеген ол алдымен келісу комиссиясына, кейін сотқа жүгінген. Алайда іс бойынша қабылданған сот актілері өзгеріссіз қалдырылған.

Өтініш берушінің пікірінше, аморальдық теріс қылықтың нақты құқықтық белгілері мен объективті өлшемдерінің болмауы бұл норманы қолдану кезінде кеңінен түсіндіруге жол береді. Мұның өзі оның еңбек ету және сот арқылы қорғану құқықтарын бұзады.

Конституциялық сот заңнамада адамгершілік саласына қатысты нормативтік талаптар, соның ішінде педагогикалық әдептің арнайы нормалары мен оларды бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгенін атап өтті.

Соттың түсіндіруінше, "аморальдық теріс қылық" ұғымы бағалау сипатына ие. Сондықтан оның мазмұнын әрекеттердің нақты әрі жабық тізімі арқылы толық анықтау мүмкін емес. Мұндай теріс қылыққа баға беру кезінде әрбір істің нақты мән-жайы, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және кәсіби ерекшеліктер ескерілуге тиіс.

Конституциялық сот аталған ұғым нақты жағдайларды ескере отырып қолдануға мүмкіндік беретіндей құқықтық тұрғыдан жеткілікті дәрежеде айқын деген қорытындыға келді.

Сондай-ақ сот өтініш берушінің өз құқықтарын қорғау үшін заңда қарастырылған тетіктерді пайдаланып, келісу комиссиясы мен сотқа жүгінгенін атап өтті.

Еске салайық, 2024 жылы Қызылорда облысындағы №250 мектептің екі ағылшын тілі мұғалімі Түркиядағы түнгі клубқа барғаннан кейін дау ортасында қалған еді. Мектеп басшылығы олардың педагогикалық әдепті бұзғанын айтып, жұмыстан шығарған. Ал мұғалімдер өздеріне әділетсіздік жасалғанын мәлімдеген. Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те ұстаздарды жұмыстан тыс уақыттағы әрекеті үшін жазалауға болмайтынын айтқан еді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 12:13