Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тауарларды таңбалау тәртібі өзгерді: Кәсіпкерлерге қандай айыппұл салынады?

код

Фото: Pexels

Осы айдың 10 қарашасынан бастап дәрі-дәрмектерді таңбалау тәртібі өзгерді. Ал 14 қарашадан бастап киім-кешек пен басқа да жеңіл өнеркәсіп өнімдерін таңбалаудың жаңа ережелері күшіне енеді. Жаңа талаптар кәсіпкерлерге қандай міндет жүктейді? Дүкен иелері қосымша құрылғы сатып алуға тиіс пе? Ал ережені бұзғандарға қандай жаза қарастырылған? Бұл сұрақтарға Stan.kz тілшісіне салық заңгері Азамат Көпобаев жауап берді.

Тауарды таңбалау дегеніміз – әр өнімге арнайы цифрлық код беру. Бұл код арқылы тауардың қайда өндірілгенін, елге кім әкелгенін және қай жерде сатылғанын бақылауға болады. Мысалы, сатып алушы дүкеннен киім алғанда, сатушы оның заттаңбасындағы кодты сканерлейді. Осылайша өнімнің сатылғаны арнайы жүйеге тіркеледі.

Қандай тауарларға жаңа талап қойылады?

Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 28 қазандағы №151 бұйрығына сәйкес, дәрі-дәрмектерді таңбалау және олардың қозғалысын қадағалау ережелері жаңартылды. Құжат 10 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026 жылғы 10 қыркүйектегі №450 бұйрығымен жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау тәртібі бекітілді. Бұл ережелер 14 қарашадан бастап күшіне енеді. Ал киім-кешекті міндетті түрде таңбалау 1 желтоқсаннан бастап кезең-кезеңімен енгізілмек.

Алғашқы кезеңде былғарыдан және жасанды теріден жасалған бұйымдар, кейбір киім түрлері, шаңғы костюмдері мен төсек-орын жабдықтары таңбаланады. Кейін талап басқа да киімдерге қолданылады.

Салық заңгері Азамат Көпобаевтың айтуынша, жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – тауардың қайдан келгенін және қай жерде сатылғанын бақылау.

"Заң тұрғысынан алғанда, мемлекет тауарлардың қозғалысын цифрлық жүйе арқылы бақылауды біртіндеп кеңейтіп жатыр. Міндетті таңбалауға жататын әр тауардың өзіне тән Data Matrix коды болуы керек. Сол код арқылы өнімнің зауыттан немесе кеденнен шыққан сәтінен бастап дүкенде сатылғанға дейінгі қозғалысын бақылауға болады. Жаңа ережелер дәрі-дәрмек пен жеңіл өнеркәсіптің жекелеген тауарларына қатысты есеп жүргізу және сату тәртібін нақтылайды", – деді заңгер.

Енді дүкен иелері не істеуі керек?

Жаңа талаптарға сәйкес, міндетті таңбалауға жататын тауарларды сататын кәсіпкерлер кассалық жүйесін осы кодтарды оқуға бейімдеуі қажет. Мысалы, сатып алушы дүкеннен күртеше алса, сатушы оның бағасын кассаға енгізіп қана қоймай, тауардағы арнайы кодты да сканерлеуі керек. Кейін сатылым туралы ақпарат тиісті цифрлық жүйелерге жіберіледі. Осы ретте Азамат Көпобаев кәсіпкерлерге кассалық бағдарламаларын алдын ала тексеруге кеңес береді.

"Ең алдымен кассалық бағдарламаны жаңарту қажет. Егер кәсіпкер 1С немесе басқа есеп жүргізу жүйесін пайдаланса, оның таңбалау кодтарын қабылдай алатынына көз жеткізуі керек. Тауар сатылған кезде Data Matrix коды сканерленіп, ақпарат фискалдық деректер операторы арқылы тиісті жүйеге беріледі. Сондай-ақ жеткізушіден тауар қабылдағанда электрондық құжаттардың дұрыс рәсімделгенін тексеру маңызды", – деді ол.

Кәсіпкерлер міндетті түрде жаңа сканер сатып ала ма?

Жаңа жүйеге көшу кәсіпкерлер үшін қосымша шығын болуы мүмкін. Өйткені дүкендегі қарапайым штрихкодты оқитын құрылғылардың бәрі бірдей Data Matrix кодын тани бермейді. Алайда салық заңгері шағын дүкендерге міндетті түрде қымбат құрылғы сатып алудың қажеті жоқ екенін айтады.

"Data Matrix кодын оқу үшін екі өлшемді кодтарды танитын сканер қажет. Бірақ қазір кейбір онлайн-кассалар смартфон немесе планшет камерасы арқылы кодты сканерлеуге мүмкіндік береді. Сондықтан шағын дүкен иелері алдымен қолданыстағы кассасының мүмкіндігін тексергені дұрыс. Бұл қосымша шығынды азайтуға көмектеседі", – деп түсіндірді Азамат Көпобаев.

Бұрын сатып алынған киімдерді не істейді?

Жаңа талаптар күшіне енгенге дейін дүкенге әкелінген тауарлардың тағдыры да кәсіпкерлер үшін маңызды екені рас. Мәселен, дүкен иесі бірнеше ай бұрын көтерме бағамен киім сатып алып, оның бір бөлігін әлі сатпаған болуы мүмкін. Мұндай жағдайда, заңгердің түсіндіруінше, қалған тауардың бәрін бірден таңбалау міндеті туындамайды.

Жеңіл өнеркәсіп тауарларына арнайы өтпелі кезең қарастырылған да атап өткен жөн. Міндетті таңбалау басталғанға дейін өндірілген немесе елге әкелінген тиісті тауар қалдықтарын 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін таңбасыз сатуға рұқсат етіледі. Осы мерзімнен кейін сатылатын қалдықтар таңбалануытиіс. Ал кәсіпкерлер арасындағы тауар қозғалысы туралы ақпаратты міндетті түрде цифрлық жүйеге жіберу тәртібі 2027 жылғы 1 қазаннан бастап енгізіледі. Заңгердің айтуынша, сондықтан кәсіпкерлер тауар қалдықтарының есебін алдын ала жүргізгені жөн.

"Әр тауар санатына жеке өтпелі мерзім белгіленеді. Сондықтан кәсіпкерлер бұрын сатып алынған өнімдерді түгендеп, олардың қашан әкелінгенін растайтын құжаттарды сақтауы керек. Егер тауарды таңбалау қажет болса, оны заңда белгіленген мерзімге дейін орындаған дұрыс. Әйтпесе кейін өнімді сатуда қиындық тууы мүмкін", – деді ол.

Кассалық жүйе істен шықса, кім жауап береді?

Кәсіпкерлер кейде таңбалау коды оқылмай қалатын немесе интернет байланысы үзіліп, кассалық бағдарлама жұмыс істемейтін жағдайларға тап болуы мүмкін. Салық заңгерінің айтуынша, мұндай кезде техникалық ақауды дәлелдейтін құжаттардың болғаны маңызды.

"Егер код бүлініп, сканер оны оқымаса, кәсіпкер мәселені шешпей тауарды сата салмауы керек. Мұндай жағдайда жеткізушіге хабарласып немесе тиісті тәртіппен кодты қалпына келтіру қажет. Ал жүйенің өзінде техникалық ақау болса, оны растайтын дәлелдерді сақтау керек. Мысалы, қате туралы экран суреттері, техникалық қолдау қызметіне жолданған өтініштер мен оператордың жауаптары кейін кәсіпкердің кінәсі жоқ екенін дәлелдеуге көмектеседі", – деді Азамат Көпобаев.

Салық органдары әр сатылған тауарды бақылай ала ма?

Азамат Көпобаевтың айтуынша, цифрлық таңбалау жүйесі салық органдарына кәсіпкерлердің тауар айналымы туралы қосымша мәлімет алуға мүмкіндік береді. Мысалы, дүкен құжат бойынша 100 тауар сатып алып, оның 20-сын ғана сатқанын көрсетсе, қалған 80 тауардың қайда екені туралы сұрақ туындауы мүмкін. Егер қоймадағы нақты қалдық пен есептегі мәлімет сәйкес келмесе, салық органдары бұл айырмашылықтың себебін анықтауға назар аударады.

"Таңбалау жүйесіндегі ақпаратты кассалық чектермен және салық есептілігімен салыстыруға болады. Егер кәсіпкер тауар сатып алғанымен, оның сатылғаны туралы мәлімет болмаса немесе қоймадағы қалдық сәйкес келмесе, бұл есепке алынбаған табысқа қатысты сұрақ туындатуы мүмкін. Мұндай сәйкессіздіктер салықтық бақылау кезінде ескеріледі", – деді заңгер.

Ережені бұзғандарға қандай айыппұл салынады?

Кәсіпкерлерді алаңдататын мәселелердің бірі – жаңа талаптарды орындамаған жағдайда қолданылатын жаза екені рас. Салық заңгерінің түсіндіруінше, міндетті таңбалауға жататын тауар сатылған кезде оның коды кассалық чекте дұрыс көрсетілуі керек. Өйткені Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 284-бабында кассалық чектің міндетті деректемелеріне қатысты талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

Мұндай құқықбұзушылық алғаш рет анықталса, кәсіпкерге ескерту беріледі. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы талап қайта бұзылса, айыппұл салынуы мүмкін. Алайда айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына байланысты, яғни:

Шағын бизнеске – 20 АЕК (86 500 теңге);
Орта бизнеске – 30 АЕК (129 750 теңге);
Ірі бизнеске – 40 АЕК (173 000 теңге).
 

Айыппұлмен келіспеген кәсіпкер не істей алады?

Егер кәсіпкерге таңбалау немесе кассалық есеп жүргізу талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жаза қолданылса, ол қабылданған шешімге шағымдана алады. Азамат Көпобаевтың айтуынша, ең маңыздысы – құқықбұзушылықтың кәсіпкердің кінәсінен болмағанын растайтын дәлелдерді жинау.

Ол үшін жеткізушілермен жасалған келісімшарттар, электрондық шот-фактуралар, тауарға қатысты жүкқұжаттар, қоймадағы қалдықтарды түгендеу актілері және техникалық ақаулар туралы мәліметтер қажет болуы мүмкін.

"Егер кәсіпкер жүйенің істен шығуы немесе оператордың қатесі салдарынан талапты орындай алмағанын дәлелдесе, айыппұл туралы қаулыға шағымдануға негіз бар. Ол үшін кассалық бағдарламаның техникалық журналдарын, фискалдық деректер операторының анықтамаларын және тауардың заңды жолмен алынғанын растайтын құжаттарды ұсынуға болады. Шағым жоғары тұрған уәкілетті органға немесе сотқа заңда белгіленген тәртіппен беріледі", – деді салық заңгері.

Сондықтан маман кәсіпкерлерге жаңа талаптар толық енгізілгенге дейін кассалық бағдарламаларын тексеріп, тауар қалдықтарын есепке алып, қажетті құжаттарды реттеп отыруға кеңес береді.

Еске салсақ, бұған дейін 20 қазаннан бастап Қазақстандағы дүкендер отандық өнімдерге көбірек орын бөлуге тиіс екенін жазған едік. Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиевтің айтуынша, бұл шара қазақстандық өндірушілердің тауарларын сауда желілерінде кеңінен сатуға мүмкіндік береді.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 12:15