"5 жер учаскесі, 4 автокөлік, пәтер, коммерциялық нысан": Алматыда ғылыми жобаларға бөлінген қаржыны жымқырған күдікті ұсталды
Алматыда өсімдік шикізатынан макарон өнімдерін өндіру жобасына бөлінген мемлекеттік қаражат жымқырылған. Тергеу мәліметінше, "Bal halal" ЖШС директоры ғылыми жобаларға берілген 1,15 миллиард теңгенің бір бөлігін жалған келісімшарттар арқылы шығарып, мемлекетке 945 миллион теңге шығын келтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2023-2024 жылдары "Bal halal" ЖШС "Ғылым қоры" АҚ-дан жалпы сомасы 1,15 миллиард теңге болатын төрт жобаға қаржыландыру алған. Жобалар өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін және микронутриенттермен байытылған ұн өндіруді көздеген.
Бөлінген қаражат жабдық сатып алуға, өндірістік орындарды дайындауға, шикізат пен қосалқы бөлшектер алуға, монтаждау және жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ дайын өнім шығаруды ұйымдастыруға арналған.
Алайда тергеу эксперименттері барысында сатып алынған жабдықтардың жобаларда көзделген өнімді өндіруге жарамсыз екені анықталған. Қаражатты шығару үшін күдіктінің үлестес тұлғаларына тіркелген "SMART 15" ЖШС пайдаланылған. Жабдықтар мен өзге де қызметтерге ақы төлеу деген желеумен аталған компанияның шоттарына 736,4 миллион теңге аударылған.
Сондай-ақ бұл схемаға "Фабрика рекламы Шымкент", "Jana tan" ЖШС және "Sisters Brand KZ" жеке кәсіпкерлігі де қатысқан. Жобалардың жүзеге асырылуын бақылау жұмыстары формалды түрде жүргізілген. Мониторинг актілері өндіріс орындарына бармай, орындалған жұмыстарды тексермей жасалған. Құжаттарды "Bal halal" ЖШС қызметкерлері дайындап, мониторинг топтарының мүшелері қол қойған. Осылайша мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау жүргізілгендей көрініс қалыптастырылған.
Тергеу мәліметінше, күдікті ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырғаннан кейін оны заңдастыру мақсатында "Bal halal" ЖШС-нің банк шоттарына 88,5 миллион теңгені қолма-қол енгізген. Ол бұл қаражатты жобаларды бірлесіп қаржыландыруға арналған өз ақшасы ретінде көрсеткен.
Осылайша, мемлекетке келтірілген жалпы шығын 945 миллион теңге болған. Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның жалпы құны 830 миллион теңге болатын мүлкіне тыйым салынған. Олардың қатарында бес жер учаскесі, төрт автокөлік, елордадағы пәтер, коммерциялық нысан және зергерлік бұйымдар бар. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда эколог-блогер, "Байтақ" жасылдар партиясының бұрынғы хатшысы Ерлан Қыдырбаев ұсталғаны хабарланған еді. Ол науқастарға арналған арнайы тағам өнімдерін өндіру мақсатында бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметінше, мемлекетке келген шығын көлемі шамамен 150 миллион теңге.
Астаналық тұрғын ұлының Қазақстанда жоқ диагнозына ем таппай жүр
