Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көз тигенін қалай білуге болады: Қандай белгілер байқалады

көз тию
Фото: Adobe Stock

Ислам дінінде көз тиюдің бар екені айтылады. Дегенмен адамның бойындағы кез келген әлсіздік, бас ауруы немесе көңіл-күйдің өзгеруін бірден көз тиюмен байланыстыруға болмайды. Кейбір діни түсіндірулерде көз тиюге қатысты бірқатар белгілер аталған. Олар қандай және одан сақтанудың жолы бар ма? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мүфтият дерегінше, шариғатта көз тиюдің ақиқат екені айтылады. Бұл туралы Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде жазылған. 

“Көз тию – ақиқат. Егер тағдырмен жарысқа түсе алатын бір нәрсе болса, ол көз тию болар еді”, – делінген (Мүслим, Ибн Мәжа).

Сонымен қатар Айша анамыздың (Алла оған разы болсын) риуаяты бойынша, пайғамбар көз тиюден сақтану үшін дұға оқуға кеңес берген (Бұхари, Мүслим).

Ислам ғұламаларының түсіндіруінше, көз тию тек адамға емес, жануарларға, егінге және басқа да дүниелерге әсер етуі мүмкін. Тіпті адамның өзіне де көзі тиюі ықтимал. Бұл жағдай біреуге қызыға, сүйсіне немесе қызғана қараудан туындауы мүмкін. Демек көз тию міндетті түрде әдейі жасалған жаман ниеттен болады деген түсінік дұрыс емес.

Көз тиюдің қандай белгілері болуы мүмкін?

Құранда және сахих хадистерде көз тиген адамды анықтайтын нақты белгілер тізімі берілмеген. Алайда кей ғалымдардың түсіндірулерінде көз тиюмен байланысты болуы мүмкін мынадай жағдайлар аталады:

  • Бұрын болмаған әлсіздік пен дел-салдық;
  • Көңіл-күйдің күрт өзгеруі;
  • Себепсіз мазасыздану немесе жабырқау;
  • Бас ауруы;
  • Тәбеттің төмендеуі;
  • Ұйқының бұзылуы;
  • Дененің ауырлап, әлсіз сезілуі;
  • Бұрын қызығатын нәрселерге ынтаның жоғалуы;
  • Себепсіз жылау немесе ашуланшақтық;
  • Қол-аяқтың салқындауы;
  • Иықтың ауырлауы;
  • Жиі күрсіну;
  • Ұмытшақтық;
  • Кеуденің қысылуы;
  • Жүрек айну.

Алайда бұл белгілердің ешқайсысы адамға көз тигенін нақты дәлелдемейді. Өйткені олардың пайда болуына күйзеліс, ұйқының жеткіліксіздігі, түрлі аурулар, қан қысымының өзгеруі, дәрумен тапшылығы және басқа да медициналық себептер әсер етуі мүмкін.

Сондықтан денсаулықта өзгеріс байқалса, оны бірден көз тиюге балап, медициналық тексеруден бас тартуға болмайды. Қажет болған жағдайда дәрігерге қаралған жөн.

Көз тиюден қалай сақтануға болады?

Исламда көз тиюден қорғанудың негізгі жолы ретінде Аллаға сыйыну, дұға жасау және Оған тәуекел ету айтылады.

Мұсылмандарға “Ықылас”, “Фалақ” және “Нас” сүрелерін оқып, Алладан түрлі жамандықтан қорғау тілеу ұсынылады. Сонымен қатар адам өзіне дұға оқып, дем сала алады.

Оған қоса, біреудің баласына, үйіне немесе дүние-мүлкіне сүйсіне қараған кезде оған береке тілеу маңызды. Мәселен, “Ма Шаа Алла” немесе “Бәракалла” деп айтуға болады.

Демек, көз тиюден сақтану тек дұға оқумен шектелмейді. Өзгенің қуанышына қызғанышпен қарамай, жақсылық тілеп, әр нығметтің Алладан екенін ұмытпау да маңызды.

Айта кетейік, бұған дейін Астаналық сатушы “көз тиюден” арыламын деп алаяққа алданып қалғаны туралы жазған едік. Жалған емшінің құрбаны Атбасар өңірінің 30 жастағы сатушысы болып шықты. Көз тигеннен құтылу үшін қыз алаяққа ақша мен дүкеннен азық-түлік берген.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 08:39