Қазақстанда электрмобильдерге жасыл мемлекеттік нөмір беріледі
Қазақстанда электрлі көліктерге арналған жаңа мемлекеттік тіркеу нөмірлері бекітілді. Енді олардың өңір коды көрсетілетін бөлігі жасыл түспен ерекшеленеді. Жаңа нөмірлер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі "Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің нысандары мен үлгілерін бекіту туралы" бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Құжат Бірыңғай құқықтық ақпарат жүйесінде жарияланды.
Бұйрыққа сәйкес, жеңіл және жүк электромобильдеріне, сондай-ақ электр автобустарына арналған алдыңғы және артқы мемлекеттік нөмірлердің жаңа үлгілері бекітілді. Бұл талап жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да тиесілі электр көліктеріне қатысты.
Қарапайым электромобильдердің нөмірі ақ фонда жасалып, онда мемлекеттік ту бейнеленеді. Өңір коды көрсетілген бөлігі жасыл түспен, ал әріптер, сандар мен KZ белгісі қара түспен беріледі.

Ал Ішкі істер органдарының арнайы және жедел қызметтеріне тиесілі электр көліктерінің нөмірі көк фонда болады. Өңір коды жасыл түспен, қалған таңбалар ақ түспен жазылады.

Бұдан бөлек, электр мотоциклдеріне де жеке мемлекеттік нөмір үлгісі қарастырылған.

Жаңа өзгерістер дипломатиялық көліктерге де қатысты. Дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер қызметкерлерінің қызметтік және жеке электромобильдеріне, құрметті консулдарға, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтарға тиесілі көліктерге арнайы нөмірлер беріледі.

Дипломатиялық нөмірлердің фоны қызыл түсті болады. Ал шетелдік азаматтарға тиесілі көліктердің басқа санаттарына сары түсті нөмірлер қарастырылған. Бұл нөмірлердің де өңір коды көрсетілетін бөлігі жасыл түспен ерекшеленеді.

Бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Еске салсақ, бұған дейін депутаттар электрвелосипедтерді тіркеу және электрмобильдерге арнайы нөмір беру туралы түзетулерді мақұлдаған еді.
Астаналық тұрғын ұлының Қазақстанда жоқ диагнозына ем таппай жүр