Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Маған әрдайым сенетін": Аида Қауменованың әкесі өмірден озды

Аида Қаумен
Фото: Instagram.com/aidakaumenova_official

Қазақстандық дизайнер, Aida KaumeNOVA сән үйінің негізін қалаушы Аида Қауменованың әкесі Мұрат Қауменов бақилық болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаралы хабарды дизайнер Instagram парақшасында жеткізді.

Ол әкесімен бірге түскен бейнежазбасын жариялап, оның үнемі қолдау көрсетіп, өзіне сенім артқанын еске алды.

“Әкем Мұрат Қауменов өмірден өтті. Ол маған әрдайым сенетін. “Қызым, мен өзім әкесіз өстім. Сондықтан сендердің жандарыңнан табылып, үнемі қамқор боламын” деп айтатын”, – деп жазды дизайнер.

Дизайнердің шығармашылық жолды таңдауына да әкесі ықпал еткен. Оған Алматы технологиялық университетінде дизайнер-модельер мамандығы бойынша білім алуға кеңес берген.

Суыт хабардан кейін өнер өкілдері мен желі қолданушылары дизайнерге көңіл айтты. Олардың арасында Толқын Забирова, Гүлнұр Оразымбетова, Жания Джуринская, Динара Сәтжан, Тамара Асар және Құралай Нұрқаділова бар.

Сондай-ақ Аида Қауменова әкесімен қоштасу рәсімі 12 қарашада Жетісу облысының Сарқан қаласында өтетінін хабарлады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 17:05